RU

Қостанайда 184 рет жол ережесін бұзған Ресей азаматы қыруар айыппұл арқалады

Көлік
Көрнекі фото: pexels.com

Қостанай полицейлері 184 рет жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстады. Ережені ескермеген Ресей азаматы енді 3 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлеуі тиіс деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Жоғары жылдамдықпен жүйткіген жүргізушіні патрульдік полиция қызметкерлері анықтаған. Одан бөлек, Ресей азаматының көлікті жалған сақтандыру полисімен басқарғаны белгілі болған.

Құқық бұзушының көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Жол ережесін ескермеген шетелдік қомақты әкімшілік айыппұл арқалады. Ол шамамен үш жарым миллион теңгеден асатын қаражат төлеуге міндеттелді.

Полицейлердің хабарлауынша, аймақта жыл басынан бері 1600-ден астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген.

Тағы мыңға жуық деректі "Автоураган" жүйесі анықтай алмаған. Өйткені олар шетелдік нөмірдегі көліктер. Оның 900-і ресейлік, 20-сы Армения, 56-сы қырғыз нөмірлі автокөліктер көрінеді.

"Жүргізуші Қазақстан республикасы әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 230 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Халық компаниясының жалған сақтандыру полисін қолдануы бойынша материал жиналып, тексеріске алынды", - дейді Қостанай облыстық полиция департаменты әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға инспекторы Динара Шәріпбаева.

З. Санай

Еске салсақ, бұған дейін мемлекеттің шекарасын қорғау мен күзетуді жүзеге асыратын ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы Қазақстан шекарасынан өтудің жаңа ережелерін түсіндірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898582-qostanaida-184-ret-zol-erezesin-buzgan-resei-azamaty-qyruar-aiyppul-arqalady/