RU

"Жастайынан кетті": Ақтөбеде қаза болған Азия чемпионының әкесі ата-аналарға үндеу жасады

Спортшының жақыны
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде кісі қолынан қаза тапқан Азия чемпионы Дәулет Хайрулланың әкесі ата-аналарға балаларына көңіл бөлуге шақырды. Ол балаларды спортқа баулып, қылмыстан бойын аулақ ұстауға үйрету керектігін айтуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Дәулеттің мақсаты- Еуропа, әлемді бағындыру еді. Енді оның бәрі Алланың ісі. Жастайынан кетті. Енді әрі қарай шәкірттері, өзінің командасы жалғастырады деп ойлаймын. Барлық ата-аналар балаларына сақ болса деймін. Бар көңілді балаға бөлу керек. Жастарға айтарым, спортты сүйіңіздер. Спортпен бірге болыңыздар. Ешқашан қолыңызға қару алмаңыз", - дейді марқұмның әкесі Төлеубай Жақанов.

Еске салсақ, каратэден Азия кубогінің иегері, 18 жастағы Дәулет Хайрулла 4 ақпан күні жастар арасындағы жанжал кезінде оқ жарақатынан көз жұмған болатын.

Күдікті қазір қамауда.

Клуб
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеліктер жас спортшының есімін ұлықтап, өзі жаттыққан клубқа оның есімін берді. Бұған дейін "Жауынгер" болып келген спорт орталығы енді Дәулет Хайролланың есімімен аталады. Марқұм спортшы қоңыр белбеуді де осында жүріп алыпты.

"Көмек қолын созатын ең жақын досымның бірі. Тек алға жүретін. Өзінің кәсіпқойлығымен барлығын таң қалдырған жан. Армандары болды, осы жақында ғана 18-ге толып, кәсіби спортқа көшкен еді. Өзі әлем чемпионы болам деп айтатын", - дейді марқұмның досы Жасұлан Ақтаев.
Спортшының жақындары
Фото: NUR.KZ

Дәулет Хайрулла киокушинкай-каратэден спорт шеберлігіне үміткер болатын. Спортпен шұғылданғанына 8 жыл болған.

Осы уақыт ішінде Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының жеңіпазы, Азия кубогының иегері атанып үлгерген. Жаттығудан бос уақытында кішкентай балаларды жаттықтырып келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898631-zastaiynan-ketti-aqtobede-qaza-bolgan-aziya-cempionynyn-akesi-ata-analarga-undeu-zasady/