RU

Түркістанда "мүгедектікке шығарып беремін" деп алдаған әйел ұсталды

күдікті әйел
Көрнекі фото: www.gazeta.ru

Түркістан қаласында тұрғынды "мүгедектікке шығарып беремін" деп алдаған күдікті әйел қолға түсті деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылымның жазуынша, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған.

Жәбірленуші әйел жақын таныс емес азаматша "мүгедектікке шығарып беремін" деп 150 мың теңгесін алып, алдап кеткенін жеткізіпті.

Арада біршама уақыт өтсе де оның жәбірленушіге берген уәдесін орындамағаны белгілі болды.

Сан соғып қалғанын түсінген жергілікті тұрғын полицияның көмегіне жүгінген.

Түркістан қаласының тәртіп сақшылары аталған жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын бастап, жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдіктіні анықтаған.

Ол осы қаланың бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты.

Аталған жайт қылмыстық кодекстің 190-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілген.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез келген мәселені заң жүзінде шешуді ескертті.

"Егер де осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, "102" шұғыл нөміріне хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді", - дейді полиция өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алматы қаласында жоқ пәтерлерді "жалға берген" алаяқ әйел ұсталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898640-mugedektikke-sygaryp-beremin-dep-aldagan-aiel-ustaldy/