RU

Алматыдағы сауда орталығынан өрт шықты (фото)

Өрт сөндіруші
Оқиға орны. Фото: Алматы қаласы ТЖД

Бүгін таңертең Алматыдағы "Домиллион" сауда ойын-сауық орталығында өрт болды деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

"14 ақпанда сағат 8:56-да Алматы қ. ТЖД күштері мен құралдары "Домиллион" сауда ойын-сауық орталығының екінші қабатында жану туралы туралы хабарламаға жоғары шақыру дәрежесімен шықты. 09 сағат: 03 минутта келген сәтте ғимараттың ішіндегі қоймалардан қатты түтіндеу анықтады.

Барлау барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны қойма бөлмелеріндегі жануын анықтап, шұғыл өрт оқпандары беріліп, жедел штаб құрылды", - дейді ТЖД баспасөз қызметі.

Өрт 09:46-да ауыздықталған. Қызыл жалын 40 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген.

Сонымен бірге сауда орталығындағы өрт сөндіру және түтінді жоюдың автоматты жүйесі дер кезінде іске қосылып, бұл өрттің таралуына жол бермеген.

Оқиға орнында 24 бірлік техника, жеке құрамнан және қаланың өзара іс-қимыл қызметінен 79 адам жұмылдырылған.

Қызыл жалын салдарынан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898852-almatydagy-sauda-ortalygynan-ort-syqty-foto/