RU

Қазақстандық медуниверситеттердің бірі лицензиясынан айырылды

ЖОО
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтар анықтаған.

Атап айтқанда оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген.

Сонымен қатар білім ордасындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді.

Ведомствоның ақпарынша, тексеріс аяқтала салысымен-ақ университет лицензиясының күші жойылып, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Алайда оқу ордасы комитеттің нұсқамаларын орындамай, заңды өрескел бұзып, жұмысын жалғастырған.

"Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің комитеті те қарады.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды", – дейді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

ЖОО 2015 жылдан бері, яғни 6 жыл жұмыс істеген. ҚазМҮББУ Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында құрылған.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, бүгінде аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.

"Еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр", – деп атап өтті Гүлзат Көбенова.

ЖОО басты лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899023-qazaqstandyq-meduniversitetterdin-biri-licenziyasynan-aiyrylyp-qaldy/