RU

СҚО-да жас жігіт аңшы мылтығынан оқ атып, туыстарын қорқытқан

мылтық
Көрнекі фото: 24.kz

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны үйінде аңшы мылтығынан бірнеше рет оқ атып, туыстарын қорқытқан деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Тайынша қаласында болған. 26 жастағы жігіт отбасылық жанжал кезінде тіркелмеген аңшы мылтығынан үйінде бірнеше рет оқ атқан.

Туыстары тәртіп сақшыларын шақыруға мәжбүр болыпты. Абырой болғанда, олардың ешқайсысы зардап шекпеген.

Полиция қызметкерлері шақырылған кезде, ол қаруды алып оқиға орнынан жасырынған.

Ер адамды Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудан орталығындағы көшелердің бірінде ұстайды. Ол мас болған.

Қардан 16 калибрлі аңшы мылтығы, ұңғыдан 1 патрон табылыпты. Оқиға орнын тексерген кезде 3 патрон мен 3 атылған гильза анықталған.

Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, күдіктіге қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылып, бұл факті «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Солүстүстік Қазақстан облысында транспорттық бақылау инспекциясының екі қызметкеріне пара алды деген айып тағылғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бір іс сотта қаралып жатса, екіншісіне сот үкімі шықты.

СҚО транспорттық бақылау инспекциясының бас маманы Жасұлан Мұқанов үш жылға түрмеге тоғытылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899101-sqo-da-zas-zigit-ansy-myltygynan-oq-atyp-tuystaryn-qorqytqan/