Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"ҰҚК қызметкері зорламақ болды": Алматы облысының тұрғыны үндеу жасады (видео)

Опубликовано:

Фото
Скриншот: instagram.com/aiya.umurzakova

Алматы облысының тұрғыны Айя Өмірзақова 2020 жылдың қыркүйек айында такси ретінде көлігімен тоқтап, кейін өзін алысқа апарып, көлігінде зорламақшы болған азаматтан қашып кетуіне көмектескен үш куәгер жігітті іздейді. Себебі айғақтардың жеткіліксіз болуына байланысты бойжеткен өзін зорламақ болған күдіктіні жазалай алмай жүргенін айтады деп жазады Азаттық рухы.

Оқиғаның мән-жайын баяндаған Айяның айтуынша, ол 2020 жыл қыркүйектің 11-нен 12-не қараған түні үйіне қайту үшін Қаскелең қаласындағы Kaspi Bank бөлімшесінің жанынан такси тоқтатқан.

"Маған тоқтаған көлікте тағы бір клиент отырды. Жүргізуші оны үйіне апарып, сосын мені жеткізіп салатынын айтты. Екінші жолаушыны үйіне жеткізіп салған соң, ол көлігін КИЗ (Алмалыбақ ауылы - ред.) жаққа қарай бұрып, маған "жедел шаруам шығып қалды, бір зат беруім керек" деді. Мен ол ұсыныстан бірден бас тартып, басқа таксимен жете алатынымды айттым.

Алайда ол мені көндіруге тырысып көрді. Оның қайтпайтынын көрген соң, мен анама қоңырау шалмақ болдым. Ол менің телефонымды көріп, бірден қолымнан жұлып алды. Қатты қорқып кеткеннен көлікте айқайлай бастадым. Ол болса көлік есіктерінің бәрін бұғаттап, мені Жалпақсай кенті жақтағы жазық далаға қарай алып кетті.

"Тас жолдан біраз алыстағаннан кейін, ол басымдағы орамалымды шешіп: "сендердің қандай екендеріңді білемін" деді. Ұрып-соғып, ішімнен тепті. Қажет болса мені өлтіріп, көміп кететінін айтты. Әрине, мен оған қарсыласып, шамам жеткенше өзімді қорғауға тырыстым. Бір сәтте ол көліктен шығып, багаждан бір нәрсе алмақшы болды. Мен сол кезді пайдаланып, көліктен шыға салып қаштым. Бірақ ол артымнан қуып жетті де, шашымнан тартып кейін қарай сүйреді. Осы сәтте мен жерден бір уыс топырақ алып, көзіне қарай шашып едім, мені жіберді.

Мүмкін біз тұрған жаққа қарай келе жатқан көліктің жарығынан сескенді ме, әйтеуір, көлігіне отыра салып қашты. Мен жаңағы көлікті тоқтаттым, онда жас шамалары 20, 25-ті құрайтын үш жігіт отыр екен. Менің жағдайымды көрген жігіттер бірден көмек беріп, 102-ге хабарласты.

Осы уақыт аралығында маған көмектескен үш жігітті таба алмадық. 2020 жыл қыркүйектің 11-нен 12-не қараған түні Жалпақсай кентіне қарай бағытта (КИЗ) мені құтқарып қалған жігіттер, егер сіздер мына видеоны көріп отырсаңыздар, байланысқа шығуды өтінемін! Бәлкім, бұл оқиға туралы таныстарыңызға, достарыңызға айтқан боларсыздар. Сол күнгі оқиғаның жалғыз куәгері - сіздер", - дейді бойжеткен куәгер үш жігітке үндеу тастап.

Бұл оқиғадан кейін жарты жыл өтсе де, Айя сол күнгі жағдай әлі күнге дейін көз алдында екенін айтады.

Тіпті қазір писхотерапевтің көмегіне жүгініп жүргенін де жасырған жоқ.

Басылымның жазуынша, бойжеткеннің денесіндегі ұрып-соғу белгілерін растайтын медициналық сараптама анықтамасы айғақ ретінде жеткіліксіз болып отыр. Күдіктіні оқиға болған күннің ертесі Kaspi Bank бөлемшесі маңындағы бейнежазба арқылы тауып алғанымен, тергеушілердің өздері ҰҚК қызметкерінен қорқып отыр дейді ол.

"Экспертиза болды, анықтамаларым бар. Куәгерлердің мәліметтері жоқ. Сол күні Қарасай аудандық полиция бөлімшесіне мені алып келген патрульдің бірі біраз уақыттан соң жұмысынан шығып кетті десе, ал екіншісі үнемі еңбек демалысында жүреді. Яғни, құқық қорғау қызметкерлерінің өзі қызметтерін атқару барысында мені бөлімшеге қандай күйде жеткізгенін айтудан қашып отыр.

Бас прокурорға істі қайта қарау туралы арыз да жаздым. Оқиға өткен күннен бері жарты жыл өтті, ай сайын тергеуші ауысып, іс сотқа жетпей қойды. Менің ойымша, бұл мені зорламақ болған күдіктінің ҰҚК қызметкері болғаны үшін осылай болып жатыр.

Жап-жақсы жұмыс істеп жүрген жеріме де ҰҚК қызметкерлері қысып көрсетіп, амал жоқ мені жұмыстан шығарды.

Ол кісілер намазхан еді, соған байланысты қайта-қайта тексере берген.

Күдіктінің туған-туыстары біздің үйге де неше рет келіп қысым көрсетті. "Кешірім бермесең, сотты сатып алады. Жала жапты деп өзіңді соттатамыз" дейді.

Тіпті, бірінші адвокаты болған маған телефон арқылы тікелей шығып, арызыңды өзгерт деп қоқан-лоқы көрсетті.

Шынымды айтсам, жан-жақтан көрсетілген қысымнан да шаршап кеттім. Мен тек әділдікке жеткім келеді. Бүгін мені зорламақ болған құқық қорғау қызметкері, ертең тағы бір қыздың тағдырын ойрандамайтынына кім кепіл?! Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторында да емес, үйқамақта отыр. Ол да Қаскелеңде тұрады, мен қазір көшеге шығуға қорқамын. Отбасым да қысымнан шаршады", - дейді Айя.

Бұл жағдайға қатысты Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне пікір білдірді. Ведомствоның ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы күдіктінің үйқамақта отырғанын растады.

"Іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталу деңгейінде. Жақын күндері іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Күдікті іс бойынша тергелді. Қызметінен босатылды, қазір үйқамақта", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1899201-uqk-qyzmetkeri-zorlamaq-boldy-almaty-oblysynyn-turgyny-undeu-zasady-video/

pixel