RU

Шымкентте төрт жасар бүлдіршіннің асқазанынан 18 сантиметр шаш шықты

Дәрігер
Көрнекі фото: piqsels.com

Шымкентте төрт жасар бүлдіршіннің ішінен бір уыс шаш шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

2017 жылы туған қыз бала 9 ақпан күні жедел жәрдем қызметімен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген. Ата-анасы баланың кейінгі уақытта асқазаны ауырып жүргенін айтқан. Дәрігерлер бүлдіршіннің ішінде бөгде зат бар екенін анықтаған. Сонымен қатар төрт жасар бүлдіршінге ауыр дәрежедегі қан аздық диагнозы қойылған.

"Дәрігерлер балақайдың асқазанын ФГДС аппаратымен іште бөгде зат бар екенін анықтады. Бұған қоса науқаста ауыр дәрежелі қан аздығы болғандықтан  операцияның алдында науқасқа қан құйылды. Баланы отаға дайындап, үшінші тәулікте қыз балаға операция жасалды,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дәрігерлер ота жасап, төрт жасар қыз баланың асқазанынан 18 сантиметр көлеміндегі бір уыс шаш алды.

"Шаштың көлемі үлкен болғаны соншалық, асқазанның 90 пайызын жауып қалған. Соның салдарынан бала дұрыс тамақтана алмай, мазасызданған. Операция сәтті өтті. Қазір қыздың жағдайы жақсы. Ата-аналарға айтарымыз, баланы қараусыз қалдырмаңыздар,"- дейді хирург Әкім Түлкібаев.

Қазір бүлдіршін қалалық клиникалық балалар ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899228-symkentte-tort-zasar-buldirsinnin-asqazanynan-18-santimetr-sas-syqty/