RU

Ақтөбелік оқушылар сәбиді терезеден құлап кетуден қорғайтын құрылғы ойлап тапты

бала терезе1
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары сәби өмірін сақтап қалатын "ақылды терезе" ойлап тапты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Айкен Алтай мен Айдана Кенжебаева "Savvywindow" автоматтандырылған терезе жобасын сәтті аяқтап, жаңа туындының авторлық құқығын иеленген.

Олар көпқабатты тұрғын үйдің жоғары қабатындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы құрылғы қондырған.

"Терезені ашу үшін арнайы құпия сан сұралады. Ашқан соң сигнал қайта түсіп, терезені лезде жабуға мүмкіндік бар. Яғни, 90 см аумақта дыбыс сезілсе, күрт құлыпталады. Мұндай терезе балалы отбасылар үшін тиімді", - дейді жоба авторының бірі Айкен Алтай.

Жобаны іске асыруға оқушыларға мектептің информатика және физика пәндерінің мұғалімі көмектескен.

Жетекшілері "ақылды терезені" тек пәтерге емес, мектеп, балабақшаға қондыруға кеңес береді.

"Жаз айы басталғанда балалардың терезеден құлап кету дерегі тіркеледі. Бір жылдан астам уақыт бұрын идеяны іске асыру жолын іздедік. Ал "ақылды терезені" бір айда жасап, іске қостық. Дәл осы жоба елімізде жоқ. Оқушылар авторлық құқықты иеленді", - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Ақзат Қауысова.

Айта кетейік, Ақтөбеде 2018 жылы 1 бала терезеден құлап, көз жұмса, 2019 жылы 2 сәби жарақаттанып, біреуі мерт болған. Былтыр 2 бала дене жарақат алып, екеуі көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899315-aqtobelik-oqusylar-sabidi-terezeden-qulap-ketuden-qorgaityn-qurylgy-oilap-tapty/