RU

СҚО полицейлері пара алды деген күдікпен іздеуде жүрген ресейлікті анықтады

Полицей
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жемқорлық қылмысы үшін іздеуде жүрген 35 жастағы ресейліктің жүрген жерін анықтады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ақпанның 15-і мен 19-ы аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алды.

Полицейлер операция аясында шетелдік азаматтарды тіркелген жерлері бойынша тексереді, облыстың сауда орындары мен шаруашылықтары бойынша рейдтер жүргізеді.

Нәтижесінде заңсыз жұмысқа орналасудың 7 фактісі анықталып отыр.

Мәселен, Тәжікстанның 41 жастағы тұрғыны елге кірген кезінде жұмысқа орналасуға рұқсат алмай, Шал ақын ауданында пластик терезелерді орнатумен айналасқан. Жұмыс беруші жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін Қазақстанның үш азаматына қатысты әкімшілік материалдар жиналды.

Облыс орталығында және Аққайың ауданында сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған екі шетелдік елден шығарылды. Алдағы 5 жылда оларға Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

«Операцияның бірінші күні Қызылжар ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілдері көші-қон қызметі қызметкерлерінің көмегімен сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін іздеуде жүрген 35 жастағы Ресей Федерациясы азаматының жүрген жерін анықтады. Ол жайында Омбы облысы бойынша Ресей ІІМ басқармасына хабарлама жіберілді», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Сондай-ақ, шақырылған шетелдіктердің елде болу ережелерін бұзғаны үшін Қазақстанның 25 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шетелден қонақтарды қабылдаған кезде көші-қон қызметіне олар туралы үш күн ішінде хабарлау қажет екендігін полицейлер еске салады. Бүгінгі таңда СҚО-да 2711 шетелдік тұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899343-sqo-policeileri-para-aldy-degen-kudikpen-izdeude-zurgen-reseilikti-anyqtady/