Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүрегіміз қарс айырылды": Журналистер Нұртілеу Иманғалиұлының қазасына қайғыруда

Опубликовано:

Нұртілеу Иманғалиұлы
Фото: Видеодан кадр

Қазақ телевизиясының қара нары - Нұртілеу Иманғалиұлының мезгілсіз қазасынан кейін оның әріптестері, барша отандық журналистер аза тұтып, марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтуда деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл қайғылы хабар Нүртілеу Иманғалиұлымен қызметтес болған тележүргізуші Дана Нұржігітке аса ауыр тиген. Ақпарат өкілі Instagram парақшасында жантебірентерлік жазба жариялап, телевизиядағы ағасының енді жоқ екеніне сенгісі келмейтінін жеткізді.

"Ағам-ау, ағам-ау. Қарс айрылған жүрегімді қалай жұбатамын?! Сіздерге қалайша басу айтамын?! Қазақ елі! "Бай қуатты бол,қазағым!" деп баршамызға нұр тілеген Нұртілеу ағама уақыт болған екен. Бекем бол, бекем бол, қазақ елі" , - деп жазды Дана Нұржігіт.

Журналист Асхат Садырбай да бұл азалы хабарды ауыр қабылдап, желіде марқұммен бірге түскен естелік суретін бөлісті.

"Бақұл болыңыз Нұртілеу аға. Алла мейіріміне алсын. Естелік сурет 2006 жылы түсірілді. Нұртілеу Иманғалиұлы ол кезде “Қазақстан” теле-радио корпорациясының төрағасы болып, Шымкентке іссапармен келген еді" , - деп жазды ол.

Белгілі журналист Нұрділдә Ораз өзге әріптестері секілді желіде жазба жариялап, Нұртілеу Иманғалиұлын еске алды.

"Әлемді өзгертетін рух пен қылыш" деген! Рухы биік, мінезі ерек, ұлтқа деген сүйіспеншілігі асқар, халқының бай-қуатты болғанын жан-тәнімен қалаған телевизияның мэтрі дүниеден өтті! Иманыңыз жолдас, топырағыңыз торқа болсын, жан аға" , - деп жазды ақпарат өкілі.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де өмірден өткен телевизия майталманына әсерлі жазба арнаған.

"Тележурналистиканың тарланы, жампоз журналист, қалың қазаққа қадірлі Нұртілеу Иманғалиұлы аға өмірден озыпты, қаралы хабарға сене алмай, есеңгіреп отырмын. Жаны жайсаң, сыйлас, сырлас ағамыз еді. “Бай-қуатты болайық!” деп сұңқардай саңқ ете түсіп, жарқ етіп шыға келетін сияқты. Бақұл болыңыз, жақсы аға" , -деп жазды журналист.

Белгілі журналист Есболат Айдабосын әріптес ағасы жайлы естелік жазбасымен барша оқырмандарын жылатты.

"Өзі әкемнен бір жас кіші. Әкем жақсы көретін. "Хабар" арнасында "Бетпе-бет" бағдарламасын жүргізгенде сүйсініп отыратын. Кейіннен қызметтес болдық. Аса жақын араласпасақ та сәлеміміз түзу еді. "Қателік" бағдарламасына сұхбат алғым келген. Аздап ауырыңқырап жүргенін айтып, кейінге ысырған. Үлгермедік. Қазақстан тележурналистикасында өзіндік соқпағын салған адам, сұхбат, ток-шоу жанрының нағыз шебері еді. Құдай біліп не, білмей не істеген күнәларын кешсін, алдынан жарылқасын! Бақұл бол, аға" , - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899370-zuregimiz-qars-aiyryldy-zurnalister-nurtileu-imangaliulynyn-qazasyna-qaigyruda/

pixel