RU

Елорда іргесіндегі ауылда қаңғыбас иттер бұзауды талап өлтірді

Жайлаудағы бұзау
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтан маңындағы Жібек жолы ауылындағы қаңғыбас иттер бұзауды талап өлтірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл жағдайды басылымға елді мекен тұрғыны Рахия Еркебаеваның растағаны белгілі болды.

Оқиға сейсенбі күні түстен кейін орын алған. Ал қаңғыбас иттердің құрбанына айналған бұзау өткен жылы жазда туған.

"Кеше түстен кейін, шамамен үш-төртерде қаңғыбас иттер біздің бұзауымызды талап өлтірді. Мен бұл туралы көршілерден білдім. Өзім жұмыста болғандықтан олар телефоныма хабарласып айтты", – дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны.

Рахия Еркебаева 2015 жылдан бері аталған елді мекенде тұрады және мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырғанын алға тартты. Оның сөзінше, қаңғыбас иттер проблемасы ауылда бұрыннан бар.

"Біздің көшемізде қаңғыбас иттер аз емес. Себебі, жергілікті тұрғындар желідегі чатта осы мәселеге үнемі шағымданады", – деп сөзін қорытындылады Жібек жолы ауылының тұрғыны Рахия Еркебаева.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде құрылыс төбесінде тұрған сиырдың видеосы тарап кеткен болатын. Ролик желі қолданушыларының ашуын тудырып, көпшілік кінәлілерді жазаға тартуды талап еткен еді.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде жүргізушінің итті көлікке байлап, Ақмола облысының Қоянды ауылындағы жол бойымен сүйреп бара жатқаны суреттелетін видео тарап кеткен еді.

Ақмола облысының полиция департаменті итті Қоянды ауылының 37 жастағы тұрғыны сүйрегенін анықтаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899411-elorda-irgesindegi-auylda-qangybas-itter-buzaudy-talap-oltirdi/