RU

Шиеліде дүкені өртенген қарияға қысым көрсеткен полицейге қатысты қызметтік тексеріс басталды

Сейтқали Ділімбетов Қызылорда
Сейтқали Ділімбетов: NUR.TV-дағы видеодан кадр

Қызылорда облыстық полиция департаменті Шиелі ауданында дүкені мен мал қорасы өртенген кәсіпкердің ісі бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлім етті. Сонымен қатар Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкеріне қатысты қызметтік тексеріс басталған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Еске сала кетейік, 21 қаңтарға қараған түні қаскөйлер Сейтқали Ділімбетовтің жеке дүкенін, мал қорасы мен бастырмасын өртеп, түн ішінде жеңіл көлігіне оқ жаудырған болатын. Бытырадан атылған оқ қарияның жаңа босанған келініне де тие жаздаған. Алайда бұл оқиғаға қатысты күдіктілер әлі бостандықта жүр.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкері істі толық тергеудің орнына, Ділімбетовтің отбасына қоқан-лоққы көрсетіп, арызды қайтып алуын талап еткен.

Сондай-ақ Сейтқали ақсақалдың ұлы Шоқан Ділімбетов 21 қаңтардағы оқыс оқиғадан соң күдіктілерді тануы мүмкін жігіттен өрт туралы айтып беруді, сол түні кімдер от қойып, оқ атқанын анықтауға көмектесуді сұрайды.

Алайда кейін әлгі жігіт Шоқан Ділімбетовтің үстінен полицияға өзін ұрып-соқты деп арыз түсірген. Өртенген дүкен иесінің айтуынша, осыдан кейін аудандық полиция бөлімі Шымкентте жұмыс істейтін ұлын қайта-қайта шақыртып жауап алады.

Қызылорда облыстық полиция департаменті Шиелі ауданында орын алған оқиға бойынша тексеріс басталғанын мәлім етті.

"Шиелі ауданында орын алған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Іс бойынша өрт-техникалық және трассалогиялық сараптамалары тағайындалған, қортындылары күтілуде.

Қылмыстың ізін суытпай ашу бағытында кешенді жедел іздестіру және тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкері полиция майоры Б.Мамбеталиевке қатысты "арызды қайтып алуды талап етті" дегенге байланысты Қызылорда облысы полиция департаменті қызметтік тексеріс жүргізуде", - деп хабардар етті ведмостводан.

Сонымен қатар облыстық поилиция дептарменті зардап шегуші Сейтқали Ділімбетовтің ұлы Шоқан Ділімбетовтен қорғаушысының қатысуымен жауап алынғанын сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын жеткізді.

"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейді. Қылмыстық іс департамент басшысының қатаң бақылауында", - дейді Қызылорда облыстық полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899587-sielide-dukeni-ortengen-qariyaga-qysym-korsetken-policeige-qatysty-qyzmettik-tekseris-bastaldy/