RU

Халыққа "Ирония судьбы", "Служебный роман" фильмдері арқылы танылған актер өмірден өтті

Андрей Мягков
Андрей Мягков. "Ирония судьбы" фильмінен кадр: kino.mail.ru

Қазақстандықтарға "Ирония судьбы", "Служебный роман" фильмі арқылы етене таныс ресейлік актер Андрей Мягков өмірден өтті деп хабарлайды РИА Новости Чехов атындағы Мәскеу көркем театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Андрей Мягков 82 жаста болған.

Mash telegram арнасының жазуынша, актер өз үйінде дәрігерлер келгенше көз жұмған. Оны ес-түссіз жатқан жерінен жұбайы тауып алған.

Өлімнің алдын-ала себебі жедел жүрек жеткіліксіздігі.

Айта кетсек, театр және кино актері, режиссер Андрей Васильевич Мягков 1938 жылы 8 шілдеде Санкт-Петербургта өмірге келген.

Андрей ата-анасының қалауымен Ленинград химия-технологиялық институтына түскен. Мамандық алған ол Пластикалық масса институтына жұмысқа кірген.

Актерлік өнерге Андрей кездейсоқ келген. Оны Мәскеу көркем театр мектебінің мұғалімі "Лесная песня" әуесқойлар қойылымында байқап қалыпты. Мягковтың актерлік қабілетіне тәнті болған мұғалім оны актерлік бөлімге түсуге көндіреді.

Оқу орнын бітірген жас әртіс мәскеулік "Современник" театрына қабылданып, "Дядюшкин сон" пьесасында бірден басты рөлді сомадаған.

Көрермендер қатарында отырған режиссер Элем Климовке Мягковтың шеберлігі қатты ұнап, "Похождения зубного врача" картинасындағы Сергей Чесноковтың рөлін ұсынған. Осының арқасында Мягков театрмен қатар кино саласында да өнер көрсете бастаған.

Эльдар Рязановтың 1975 жылы шыққан "Ирония судьбы" фильмінен кейін актер үлкен танымалдылыққа ие болған. Сонымен бірге ол "Служебный роман" комедиясында Новосельцевтің рөлімен көпшілік есінде қалған.

Сондай-ақ Андрей Мягков 2001 жылы "Сказе про Федота-Стрельца" фильмінде патшаның рөлін сомдаған. Ал "32-е декабря" мен Тимур Бекмамбетовтың "Ирония судьбы. Продолжение" туындысы Мягковтың соңғы түскен фильмдерінің бірі еді.

Актерліктен бөлек, Андрей Васильевич талантты жазушы болған. "Сивый Мерин", "Скрипка Страдивари, или Возвращение Сивого Мерина", "Осторожно, стекло! Сивый мерин. Начало" сынды бірнеше кітап жазған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899640-qazaqstandyqtarga-ironiya-sudby-filmi-arqyly-zaqsy-tanys-akter-omirden-otti/