RU

Түркістан облысындағы кеден бекетінде ресейлік азамат есірткімен ұсталды

Кеденнен есірткі алып өтпек болған
Оқиға орны. Фото: Түркістан облысы Полиция департаменті

Түркістан облысында кеден бекетінде шекарадан есірткі заттарын алып өтпек болған Ресей азаматы ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақтаарал ауданының тәртіп сақшылары "Атамекен" кеден бекеті арқылы есірткіні заңсыз алып өтпек болған Ресей Федерациясының тұрғынын құрықтаған.

Ер адамның өзбекстандық көлікке мініп, Қазақстан шекарасы арқылы тыйым салынған заттарды алып өткізбек болғаны анықталған.

Кеден бекетінде қызметтік ит белгі беріп, тәртіп сақшылары аталған азаматты тексеру барысында шұлығынан есірткіге ұқсас зат тауыпты.

Сараптамаға сәйкес алынған заттың жалпы салмағы 2 грамға жуық гашиш екендігі белгілі болған.

"Аталмыш жайт Қылмыстық кодекстің 286-бабы "Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы" және 296-бабы "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді", - дейді департамент.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті қазір қамауда, соттың шешімін күтіп отыр.

Еске сала кетсек, Атырау-Доссор тас жолында тыйым салынған заттармен заңсыз айналысқан екі полицейдің ұсталғанын жазған едік.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынынан 40 млн теңгенің синтетикалық есірткісі табылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899656-turkistan-oblysyndagy-keden-beketinde-reseilik-azamat-esirtkimen-ustaldy/