RU

"Бесіктегі бала көз жұмды": Қызылордада көпбалалы отбасы жалдап келген баспана өртенді

Өртенген үй
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Қызылордада түн жарымында тұтанған от алты айлық нәрестенің өмірін жалмады. Көпбалалы отбасы жалдап келген шағын баспана өртенген сәтте анасы 4 қызын терезеден шығарып үлгергенімен, бесіктегі бесіншісін шығара алмаған деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Түнгі сағат бірлер шамасында өрт тұтанғанда, үйде 27 жастағы анасы бес қызымен ұйықтап жатқан. Ал отағасы жұмыс барасымен іссапарға кетіп қалған екен.

Жанұшыра айқайлаған дауысқа бірінші болып көршілер көмекке келіпті. Әйел төрт баласын терезеден шығарып үлгергенімен, бесіктегі бөбегіне көмек беруге мүмкіндігі болмаған.

"Барсақ өрт лаулап кетіпті, еге бермей. Бес қызы, күйеуі бар келіншек еді. Өздерінің тапқанын өздері квартираға төлеп отырған балалар ғой. Баланың төртеуін алып шығып үлгерген. Біреуін шығара алмады. Іште қалған бала - алты айлық бала, бесіктегі жатқан бала. Сол бесікті алуға шамасы келмей қалған", - дейді көршісі Гүлзат Мерейова.

Бүгінде анасы мен кішкентай қыздар ақ халаттылардың бақылауында. Дәрігерлер қауіп жоқ деді. Дегенмен улану дерегі бар. Ал көпбалалы ананың сол жақ білегі мен екі алақаны күйіп қалған.

"Анасының таңертеңгі жағдайында психикалық өзгерістер болған болатын. Қазіргі таңда қанағаттанарлық болып есептеледі. Төрт бала 7, 8, 5 және 2 жастағы балалардың ішіндегі бес жасар баланың оң жақ тобығында екінші дәрежелі күйік анықталды. Бірақ мәлімет бойынша, қазіргі жағдайда қанағаттанарлық", - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибізада Дүйсенбаева.

Қайғылы жағдайға душар болған отбасы шағын баспананы жалдап келген. Көпбалалы ретінде қала әкімдігінде үш жылдан бері пәтер кезегінде тұр екен. Әкімдік олардың бүгінде тізімде 1230-шы болып тұрғанын айтты. Дегенмен шенділер орын алған жағдайға орай уақытша баспанамен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Өртке оранған үйді де қалпына келтіріп бермек.

"Заңға сәйкес біз 6 айға дейін үй жалдап беруге дайынбыз. Одан бөлек, үйін қалпына келтіру мақсатында қаланың белсенді меценаттарымен келіссөздер жүргізіп қойдық. Олар да көмектесуге дайын. Одан бөлек, қаржылай көмек, азық-түлік, киімдер, барлық шараларды қарастырып отырмыз", - дейді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев.

Бұл оқиғадан хабардар болған қоғам белсендірлері әлеуметтік желілер арқылы қаржы жинап бастады. Ал өрттің неден шыққандығы әзірге белгісіз. Мамандар, электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

М. Тоқтасынқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899757-besiktegi-bala-koz-zumdy-qyzylordada-kopbalaly-otbasy-zaldap-kelgen-baspana-ortendi/