RU

Елордада иттерге жыныстық зорлық көрсеткендерді полиция әлі таппай жатыр

Ит
Көрнекі сурет: pixabay.com

Нұр-Сұлтан қаласында иттерге жыныстық зорлық көрсету ісі бойынша күдіктілер әлі табылмай жатыр деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Нұр-Сұлтан қаласында былтыр қыркүйекте хайуанаттарды уақытша ұстайтын изоляторда төрт иттің жыныстық сипаттағы азап көргені анықталып, бұл жайт жұртты дүрліктірген еді. Алайда иттерге қорлық көрсеткендерді полиция әлі таппай жатыр.

"Бүгінде қорғауға құқығы бар адамдар куә ретінде белгіленді. Бірақ күдікті тұлғалар жоқ. Бұл іс Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ аудан және қала прокуратурасының бақылауында. Қылмыстық іс қозғалды", - дейді Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскенбаев.

Дереккөз: "КТК"

Еске салсақ, бұған дейін елордада бұрын-соңды болмаған зорлық түрі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік. Хайуанаттарды уақытша ұстайтын изоляторда төрт иттің жыныстық сипаттағы азап көргені анықталған болатын.

Шу шыққан уақытша ұстау изоляторында мыңға тарта ит пен тағы жүз шақты мысық мемлекет есебінен күн көріп жатқаны белгілі болған. Оларды бір күзетшісі мен екі қызметшісі арнайы күтіп-баптап отырады екен.

Бұл жерге көшеде жүрген қаңғыбас ит-мысықтарды аулап әкеп қамайды. Ішіп-жемі мемлекет мойнында. Оған қоса, сәт сайын келіп жағдайын жасап жүрген еріктілер бар.

Еріктілердің айтуынша, итқораны бақылап, тұрғындарына жағдай жасап жүргендеріне екі жылдың жүзі болыпты. Содан бері мынадай қорлықты бірінші рет көріп отыр. Жануарларға мұндай зорлық көрсету дерегі елорда полициясында да алғаш тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899767-elordada-itterge-zynystyq-zorlyq-korsetkenderdi-policiya-ali-tappai-zatyr/