Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естелік жазған белгілі журналист көпті жылатты

Опубликовано:

Фото
Фото: Арман Сқабылұлы/Facebook

Қазақстандық белгілі журналист, продюсер Арман Сқабылұлы 70-ке қараған шағында өмірден өткен атақты тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естеліктерін жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Дариға бастығымыз бір күнде шешім қабылдап, кеше ғана газеттен келген мені "Жеті күннің" эфиріне шығарды да жіберді. Диктордың орнына мәтінді өзі жазатын журналист жүргізу керек деген болу керек. Мәтінді жазарсың-ау, миллиондар қарап отырғанда жүргізуді айтсаңшы. Өйтіп, бүйтіп алғашқы эфирді өткізіп сыртқа шықсам Қайнар Олжай көкем жымиып келе жатыр. Мақтауымды асырды. Өзім секілді "газетчик" қой, мәтінің күшті деп қояды.

Анадайда Нұртілеу ағам тұр екен. Жүрегім зырқ ете қалды. Бет, жүз демей соятын сияқты. Түсі суық. Үндемей қасынан өте беріп едім, қолымнан шап берді.

"Менің түсінігімде авторлық бағдарлама осылай болу керек. Сөзіңе жұрт сенеді. Анау қоянның көжегіндей бүрісіп отырғаның уақытша ғана. Үйреніп кетесің. Алға, бауырым!" деді.

Содан бері жасаған тірлігіме ағам өз бағасын беріп отырды. Ақылын айтады. Көбіне мақтайды. Мен үшін бұдан артық марапат жоқ еді.

Алғашқы кітап - "Өкпелемеші" жарыққа шыққан соң ағам тағы телефон шалды.

"Сен бала мені түнде ұйықтатпадың. Таңғы жетіге дейін көз ілмедім" деді. Шошып кеттім. Ағамның ұйқысы қайда, мен қайда?

"Кітабыңды оқыдым, -дейді. "Мынауың жаңа жанр! Артық сөз жоқ! Мен іздеп жүрген форманы сен тапқан сияқтысың... Енді оны ағаң да пайдаланады" деді.

Ағамыз мақтауға сараң екенін білуші едім. Бұл жолы менен онысын аямады. Қарадай қысылғаным...Басқаны білмеймін, біздер -тележурналистер үшін Нұрекеңнен мақтау есту- анау-мынау марапаттан кем болмайды.

Қайран, ағам! Енді кім бізге жылы сөз айтып, түн ортасында телефон шалады. Жылы сөздің өзі құстың сүтіндей болған мынау қоғамда орның ойсырап, жетімсіреп қалатын болдық", - деп жазды Арман Сқабылұлы Facebook парақшасында.

Естеріңізге салсақ, 17 ақпан күні таңертең қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.

Нұртілеу көрермен жүрегінен құнды хабарларымен орын алған тележурналист. Оның "Бай, қуатты болайық!" деген бір ғана сөзі ел арасында қанатты сөзге айналды.

Нұртілеу Иманғалиұлы саяси-әлеуметтік салмағы бар "Жас жігер", "Көзқарас", "Алтыбақан", "Айна", "Заң мен заман", "Ақиқат пен аңыз", "Дидар", "Жастар дауысы", "Арай", "Көкпар", "Ой-көкпар", "Бетпе-бет", "Дін мен діл", "Арнайы репортаж", "Діңгек", "Қолтаңба", "Заң сөйлесін", "Nur-Tiley" секілді авторлық бағдарламаларды жүргізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899800-nurtileu-imangaliuly-turaly-estelik-zazgan-belgili-zurnalist-kopsilikti-zylatty/

pixel