Кәсіпкерлерге мобильді қосымшамен аударылатын ақшаға салық салынбақ
Опубликовано:

Кәсіпкерлерге мобильді қосымша арқылы аударылатын ақшаға салық салынады. Үкімет салықтан жалтаратын бизнесті толығымен қадағалауды көздеп отыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов мәлімдеді.
"Кәсіпкерлерге тұтынушылардан банктің мобильді қосымшасы арқылы түсетін ақша аударымдарының фискализациясы мәселесін шешуге ерекше назар аудару қажет. Қазір біз қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі жақсы қарқынмен дамып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, біздің алдымызда салық төлеуге міндетті кәсіпкерлердің қызметіне толығымен салық салу міндеті тұр", – деді ол қаржы министрлігінің алқа отырысында.
Бұл ретте Смайылов қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкерлерге берілген салық жеңілдіктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, вице-премьер азаматтарға арналған тегін "Е-Salyq Azamat" мобильді қосымшасын белсенді жарнамалауды тапсырды.
Биыл кәсіпкерлер үшін "Е-салық-бизнес" ақпараттық жүйесін іске қосу өте маңызды. Ол кәсіпкерлерге оңай тіркелуге, салық төлеуге және есепті автоматты режимде тапсыруға мүмкіндік беруі тиіс, деді Смайылов.
Еске салсақ, 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 20,6 триллион теңгені құрады. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Бұған дейін тартылған борыштарды өтеу қажеттілігін ескеріп, өткен жылы 3 триллион теңге қарыз алынған. Оның ішінде ішкі нарықта 2,8 триллион теңге тартылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899840-kasipkerlerge-mobildi-qosymsamen-audarylatyn-aqsaga-salyq-salynbaq/