RU

Сәтбаевтағы тәртіпсіздік: 54 адам сот алдында жауап берді

сотт
Көрнекі фото: pixabay.com

Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша 54 адам сот алдында жауап берді. Басты сот отырысы 1 наруызға белгіленді деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

"Тәртіпсіздік бойынша іс бізде қаралды. Кеше алдын ала тыңдау өтті. Басты сот отырысы 1 наурызға белгіленді. 54 сотталушы бар. Оның ішінде бастапқыда кәмелет жасына толмаған үш бозбала болды. Бірақ оның біреу өткен жылдың желтоқсанында 18 жасқа толды", - деді Қарағанды облысының кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үйлестіруші соты Елена Баткульдина.

Ол тағы екі адамға іздеу жарияланғанын растады.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 24 шілдесіне қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген ерікті де қызды іздеуге шықты. Түнде жоғалған бес жасар қыз белгісіз ер адамның пәтерінен табылды.

Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар ер адамды өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.

Жиналған жұрт күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке және полицияға барды. Бірнеше көлік өрттенді. Қалаға ұлттық ұлан күштері кіргізіліп, жағдай бақылауға алынды.

Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.

Бес жастағы қызды ұрлау және зорлау ісі бойынша екі адам сотталып жатыр. БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, олар –  ерлі-зайыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899851-satbaevtagy-tartipsizdik-54-adam-sot-aldynda-zauap-berdi/