RU

"Аллаға жалынып отырды": Алматыға шұғыл қонған ұшақ жолаушысы оқиғаны баяндады

Ұшақ
Видеодан кадр: Almaty.tv

Бүгін елордадан Шымкентке бағыт алған Fly Arystan әуе компаниясына тиесілі ұшақ шұғыл түрде Алматы әуежайына қонуға мәжбүр болды. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Алайда, ұшақтағы жолаушылар әуе кемесі ұшқышының шұғыл шешім қабылдауына "ауа райының қолайсыздығы себеп болды" дегенге сенбейді. Ұшақ жолаушысының айтуынша, ұшақтың шұғыл қонуына басқа да факторлар әсер еткен деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басылымға берген сұқбатында ұшақ бортында болған жолаушылардың бірі Нұрсұлтан ұшақта отырған жандар арасында қол жайып, Алладан кешірім сұрап, бақилық болуға дайындалып кеткендер де болғанын жеткізді.

Оның сөзінше, Шымкентке жетіп қалғанда проблема басталған. Қонатын тұста ұшақ кенет төменге түсе бастапты.

"Сырғанақтан біреу сені итеріп жіберсе, жүрегің "зырқ" етеді ғой, сол сияқты сезімде болдық. Мен қонатын шығармыз деп ойлағам, оның орнына ұшақ бірден жоғарыға көтерілді. Бес минуттан кейін ұшқыш "ауа райына байланысты қона алмадық, он минуттан кейін қайта қонамыз" деді. Ұшақ қатты дірілдеді. Содан кейін тағы да бірден төбеге көтерілді. Тез бұрылу үшін қиналып көтерілді. Сосын ұшқыш бізге "ең жақын әуежайға, Алматы әуежайына қонамыз" деп хабарлады. Не үшін жақында ғана Түркістанда ашылған жаңа әуежайға бара салмадық, білмеймін", - деп, оқиғаны сипаттады Нұрсұлтан. 

Ол борттағы екі жолаушының халі нашарлағанын жасырмады.

"Адамдар қорықты. Қол жайып, кешірім сұрап, Аллаға жалынып отырғандар болды. Айқай-шу шығарып, жылаған жоқ. Бірақ амалсыздан не істерін білмей, бәрінің басы салбырап отырды. Бортта кішкентай балалар көп болды. Жаңа туған нәрестеден бастап алты-жеті жасқа дейінгі балалар. Олар жылады. Екі жолаушының жағдайы өте нашар болды. Бортсеріктер не істерін білмей, борттағы дәрігерлерден көмек сұрады. Жолаушылар арасында екі дәрігер бар екен. Олар көмектесті. Екі жолаушы қыздың қан қысымы көтеріліп кетіпті. Жүрегі айнып отырғандарға пакет таратты. Су берді. Мен өзім әйеліме, ініме және анама смс-хабарлама жазып үлгердім. Арасында желі жұмыс істеп тұрды. "Ұшақ қона алмай жатыр, бірнәрсе дұрыс емес" деп жаздым", - дейді Нұрсұлтан.

Оның сөзінше, Алматыға тұрақтаған ұшақ Шымкентке қайта бет алған. Алайда, жолаушылардың көпшілігі сенбей, Fly Arystan ұшағына қайта отырудан бас тартқан.

"Ұшақ қонған соң, бәріміз түстік. Ауырған қыздың бірі түспей қойды. Сол кісіні күттік, екінші жағынан ұшақтың ішін ұшуға дайындады. Содан кейін жолаушылар екіге бөлінді. Билет, оның ақшасы қайтарылмайды. Тек жолаушының атынан шот ашып, бір жылдың ішінде соны пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты. Алайда, көпшілік ұшқышқа сенбей, жаңадан билет алып жатты. Мен Алматыда қалдым. Ертең Нұр-Сұлтанға қайтамын", - дейді Нұрсұлтан.

Марқұм болған апасының асына қатысу үшін Шымкентке шыққан Нұрсұлтан жоспарын өзгертіп, елордаға – отбасына қайта оралу туралы шешім қабылдаған.

"Бұл жерде бір "гәп" бар. Шымкенттегі ағаларымнан сұрасам, ауа райы жылы, қолайлы екенін айтады. Мен проблема ауа райынан емес деп ойлаймын. Басқа адамдар да солай айтып жатты. Түскеннен кейін бір жолаушы ұшақтың ұшқышын айыптады. Мүмкін, техникалық себептер болған шығар. Мүмкін, қону алаңында қателіктер болды ма, кім біледі. Бірақ ауа райына қатысы жоқ екені анық", - дейді жолаушы.

Нұрсұлтан кішкентай балаларын өзімен бірге ертіп шықпағанына "шүкір" деп отыр. Себебі, отандық авиацияға деген сенім сейілген.

Видеодан
Видеодан кадр: Алматы тв

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899853-allaga-zalynyp-otyrdy-almatyga-sugyl-qongan-usaq-zolausysy-oqigany-bayandady/