RU

Елордада бес күн ішінде іздеуде жүрген 14 қылмыскер ұсталды

Кісен
Көрнекі фото: perm.aif.ru

Нұр-Сұлтан қаласында "Мигрант" профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде іздеуде жүрген 14 қылмыскер ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның бірі –мемлекетаралық іздеуде жүрген 29 жастағы РФ азаматы. Жас жігіттің Ресейде тергеуден жасырынып, 2014 жылдың мамыр айында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені анықталды.

Көрші елде қылмыскер есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз иемденгені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін іздеуде болған. Ұсталған Ресей азаматы Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына қамалды.

ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта шетелдіктің ҚР аумағында қылмыс жасауға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Көші-қон процестерінің криминогендік жағдайға қолайсыз әсер ету қаупін азайту мақсатында биылғы жылдың 15-19 ақпан аралығында Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері "Мигрант" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізген болатын.

Қала аумағында полиция жасақтары күшейтілді, ішкі істер органдарында уақытында тіркелмеген заңсыз мигранттар мен тәртіп бұзушыларды анықтау рейдтерінің саны артты.

Жедел алдын алу шарасының қорытындысы бойынша шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында жүріп-тұру ережесін бұзғаны үшін 357 шетелдік азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот шешімімен 33 шетелдік елден шығарылды. Шетелдіктерді шақырған және олардың белгіленген елде жүріп-тұру ережесін сақтауын қамтамасыз етпеген Қазақстанның 150 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899975-elordada-bes-kun-isinde-izdeude-zurgen-14-qylmysker-ustaldy/