RU

Экология министрлігі АрселорМиттал Теміртауға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді

АрселорМиттал Теміртау
Фото: ehonews.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру себебі Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының рұқсат етілген нормаларынан асып кету фактісі тіркелгенімен байланысты. Сонымен, 19 ақпанда, сағат 16: 30-да, үрлеу кезінде газды тазартатын алғашқы скруббердің қабырғаларына жабысқан шаң N 2 конвертерге құлады. Балқу дереу тоқтатылды.

Экология министрлігі азаматтардың аймақтағы экологиялық ахуалға қатысты алаңдаушылығымен бөлісетінін де хабарлады. Сондықтан, осындай фактілерге қатысты жедел шаралар қабылданатын болады. Ашықтық және бейтараптылық қағидаттарына негізделген тексеру қорытындылары бойынша, Экология министрлігі баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отыр.

Жаңа экологиялық кодекске сәйкес ірі кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ), яғни бүгінгі күні шығарындылар деңгейін барынша төмендету үшін заманауи сүзгілерді енгізуі тиіс. Бұл талап заңмен бекітілген және биыл күшіне енеді.

Сонымен қатар, 2019 жылдың қазан айында Экология министрлігі аталған компаниямен 2023 жылға дейін шығарындыларды 30% - ға төмендету туралы Меморандумға қол қойды. Өңір тұрғындарының қатысуымен өткен соңғы кездесу кезінде министр Мағзұм Мырзағалиев АрселорМиттал Теміртау басшылығынан сәуірде шығарындыларды нақты жоспармен және сандармен азайту жөніндегі стратегияның тұсаукесерін өткізуді талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899980-ekologiya-ministrligi-arselormittal-temirtauga-qatysty-zospardan-tys-tekseru-zurgizedi/