RU

Жаңатастағы өрт: Көршілер оқиғаның мән-жайын айтып берді (видео)

Өрт сөндірушілер
Көрнекі фото: NUR.KZ

Екі күн бұрын Жаңатаста тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде өрт шығып, бес баланың өмірін алып кетті. Үш қыз бен екі ұлдың үлкені 6 жаста, ал кішісіне енді ғана жеті ай болған. Балаларды көршілері құтқаруға тырысқан, олар өз көліктерімен төрт баланы ауруханаға алып кеткен. Ал тағы бір бүлдіршіннің денесін өрт сөндірушілер кейінірек өртенген пәтерден тапты.

"Мен ас үйде отырдым. Мұнда адамдар топырлап жүрген еді, балалар тағы да жүгіріп жатыр деп ойладым. Шығып қалсам, үй түтінге толы. Қайта кіріп, киініп, қол шам алып, үшінші қабатқа жүгіріп шықтым. Түтіннен үйге кіре алмадым. Меніңше, пәтердің төбесі жанып жатты", - дейді көршісі Садық Егембердиев "Хабар 24" телеарнасына.

"Менен дымқыл сүлгі сұрады. Есікті ашады екен деп ойладым, сөйтсем подъезд түтінге толы. Әйелдердің бірі кіріп, екі баланы алып шықты. Жанұя жас, тәрбиелі. Ата-анасы ішпейді, балалар үнемі тап-тұйнақтай киініп жүретін", - деді көршілердің бірі Алтынкүл Жамалбекова.

Жанұя үшбөлмелі пәтерде тұрған. Өрт уақытында әкесі ауруханада болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Ол бастауыш сынып мұғалімі, қазір декреттік демалыста.

"Өрт басталғанда көршісі балалардың анасына хабарласқан. Ол 10-15 минутта үйге келіп, есікті өзі ашқан. Қазіргі уақытта одан ешқандай жауап ала алмаймыз. Балаларының жерлеу рәсіміне кетті. Анасымен психологтар, мамандар жұмыс істеп жатыр",- деді Жамбыл облысы ПД бастығы Бахыт Ратаев.

Өрт болған үйдің айналасы арнайы баумен оқшауланған. Тек тұрғындар өте алады. Өртенген пәтердің алдыңғы есігі мөрленген. Оқиға орнында полицейлер кезекшілік етіп тұр, әртүрлі сала мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар оқиғаның нақты себебін анықтауға тиіс.

Балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, "өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды.

"Жергілікті атқарушы органдар жанұяға тиісті көмек көрсетеді. Біз олардың пәтерін жөндеп беруді жоспарлап отырмыз. Қазір тағы қандай көмекке мұқтаж екенін анықтап жатырмыз", - деді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Имашев.

Бүгін балалар Талас ауданы Үшарал ауылында жерленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900025-zanatastagy-ort-korsiler-oqiganyn-man-zaiyn-aityp-berdivideo/