RU

Қарағандыда мейрамханадағы той кезінде судья көзге түсті (видео)

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде қарағандылық судья болуы мүмкін ер адамның карантин кезеңінде анасының туған күнін тойлап жатқан видеосы тарады. Бұл жайтқа қатысты Қарағанды облыстық соты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қоғамдық резонанс тудырған ролик 23 қаңтарда түсірілгені хабарланған.

Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес Қазақстанда әлі де жаппай іс-шаралар өткізуге, соның ішінде ғимараттар мен үйде отбасылық мереке ұйымдастыруға тыйым салынған.

Судья мейрамханадағы отбасылық мереке кезінде бақылау тобы мүшелерінің камерасына түсіп қалған.

Жазбада ол анасының туған күнінің құрметіне той ұйымдастырғаны айтылған. Сонымен бірге бейнероликке судьяның тексерушілерге "неге қазбалап жатырсыңдар?" деп айтқаны түсіп қалған.

Сондай-ақ ол мейрамхананың келесі бір залында "прокуратура қызметкерлері" думандатып отырғанын айтқан.

Бұл жайтқа қатысты Қарағанды облыстық соты пікір білдірді.

"БАҚ пен әлеуметтік желілерде пайда болған Қарағанды ​​облыстық сотының судьясы Естай Исабековтің аты аталған видеоға қатысты ресми тексеріс жүргізілгенін хабарлаймыз. Материалдар Судьялар одағы Қарағанды ​​облысы бойынша филиалының Сот әдебі жөніндегі комиссиясына жіберілді. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланады", - дейді облыстық сот.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағанды ​​облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы пара алу кезінде ұсталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900107-qaragandyda-baqylau-toby-meiramxanada-toi-zasagan-sudyanyn-ustinen-tusti-video/