RU

Шымкентте ұлан-асыр тойға жиналғандарды бақылау тобы таратып жіберді

Фото
Видеодан кадр: Polisia.kz

Шымкент қаласында карантиндік шектеулерге қарамастан ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той ұйымдастырғандар анықталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері және арнайы мобильдік топ өкілдерінен жасақталған құрам 20 ақпан күні сағат 15:00 шамасында Жастық көшесі бойында орналасқан "Евразия" тойханасында той өтіп жатқанын анықтаған.

Бақылау тобы жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды тоқтатқаны белгілі болды.

Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамауымен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана әкімшісіне және той иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы ("Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу") бойынша құжаттар жинақталған.

Материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға, яғни аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданған.

Еске сала кетсек, бұған дейін де Қарағандыда карантинге қарамай, 100 адамға той өткізгендер әшкере болғанын жазған едік.

Одан бөлек, Атыраудағы түнгі клубта карантинге қарамастан 100 шақты адам көңіл көтерген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, түнгі клуб Авангард екінші шағын ауданында жұмыс істеген.

Сонымен қатар Атырауда бір топ асабаға айыппұл салынғаны хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900129-symkentte-durkiretip-toi-zasagan-otbasynyn-quanysy-ayaqsyz-qaldy/