Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тоқтатыңдар": Жаңатаста көз жұмған 5 баланың туысы қазақстандықтарға үндеу жасады

Жарияланған күні:

өтпе
Скриншот: КТК арнасы

Жамбыл облысында түтінге тұншығып қаза тапқан бес баланың туыстары жараның бетін тырнай бермеуді өтінеді. "Ешкімге кінә тақпаймыз, болар іс болды, оған көнуден басқа амалымыз жоқ" деген олар бұдан былай бұл мәселені қозғамауды сұрайды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Телеарна мәліметінше, үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр. Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптаудан мезі болдық дейді қаза тапқан балалардың туыстары. Жақындарының пікірінше, кейбірі жалған мәлімет таратуға кіріскен. Сондықтан олар телеарна арқылы қазақстандықтарға үндеу тастады.

"Әлеуметтік желідегі анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, қитұрқы іс жасап жатқандарға да айтарым: Тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр. Бізге берген көмектеріңіз сол болсын", - деді марқұм балалардың туысы Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Қаралы отбасының уәжін жеткізген ер адам ел тұрғындарын түсіністік танытуға шақырды.

Сонымен қатар ол өрттің неден шыққанын айтып берді.

"Өрттің болғаны – балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа – электр тоқ, газ, буржуйка деп, біреулер шығып жатыр. Оның бәрі өтірік", - деді Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Осы орайда телеарна тілшісі қайғылы жағдай болған үйдің ауласы лентамен қоршалып, далада полицейлер күзетіп тұрғанын жеткізді. Өйткені пәтердегі өрттің неден шыққанын анықтау үшін  іште тергеушілер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр, дейді ол. Тек осы подьездің тұрғындарына ғана үйіне кіруге рұқсат екен.

Сонымен қатар, оқыс оқиға болған баспанаға бес баласынан айырылған отбасының оралмайтыны белгілі болды. Себебі, осы жерде тұру қайғыдан қан жұтқан жандарға ауыр соғатынын ескерген туыстары,  ерлі-зайыптыны жаңа үйге қоныстандыруды ұйғарыпты.

"Бізге моральдық, психологиялық көмек болмаса, қаржылай қолдау қажет емес" - дейді қаралы отбасы.

Дегенмен жылу жинауға ниет білдірген көпшілікке алғысын білдірді. Ал өздерінің де ерлі-зайыптыға баспана әперуге мүмкіндігі бар екен. Бірақ сонда да жас отбасыға демеушілер көмегімен пәтер берілетін болыпты.

"Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын жолдайтын болды. Ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлар мен 3 млн. теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді", - деді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы. Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, өткен аптаның соңында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бір үйдің бас баласы көз жұмды.

ТЖД бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала деректерін жариялады. Ол тұрғын үйдің пәтеріндегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындағанын мәлімдеді.

"Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған", - деді ТЖД басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900268-toqtatydar-zanatasta-koz-zumgan-bes-balanyn-tuysy-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/