RU

ДДСҰ коронавирус пандемиясы қашан аяқталатынын хабарлады

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асып кетті
Көрнекі фото: Antonio Masiello/Getty Images

Мамандар коронавирус пандемиясы 2022 жылдың басында аяқталатынын жеткізді деп хабарлайды aa.com.tr басылымы.

Бұл туралы Данияның DR телеарнасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюге мәлім етті.

Оның сөзінше, биыл да коронавируспен арпалысумен өтеді. Тек, келесі жылы ғана жағдайды еңсерудің мүмкіндіктері туады, деді халықаралық ұйымның өкілі.

"Ең қиын кезеңдер артта қалды. Біз 2020 жылмен салыстырғанда вирус туралы көбірек білеміз және ол кезге қарағанда таралу белсенділігі төмендеп келеді", – деді Клюге.

Осы орайда сарапшы өзінің болжамын ғана айтып отырғанын және пандемияға байланысты жағдайдың қалай өрбитінін әлі ешкім болжай алмайтынын жеткізді.

"Қалай болғанда да вирус қалады, бірақ шектеулер қажет емес деп ойлаймын. Бұл оптимистік хабарлама", – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюге.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 692 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 208 809-ға жетіп отыр

22 ақпандағы жағдай бойынша дүниежүзінде қауіпті дертті 110 974 862 адамның жұқтырғаны расталды. Індет салдарынан 2 460 792 науқас көз жұмды. Олардың басым бөлігі АҚШ, Үндістан және Бразилияда тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900287-ddsu-koronavirus-pandemiyasy-qasan-ayaqtalatynyn-xabarlady/