Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешікпей келем деп ең": Қытайдағы күйеуінен хабарсыз қалған әйел елден көмек сұрады

Опубликовано:

Ризагүл Нәсіпхан
Фото: Ризагүл Нәсіпханның жеке мұрағаты

Елордада тұратын қандас келіншек KAZ.NUR.KZ тілшісіне өзінің тығырыққа тірелгенін айтып хабарласты. 2017 жылы құрсақтағы сәбидің атажұртта туғанын қалаған отағасы аяғы ауыр келіншегін Қытайдан Қазақстанға әкеліп тастап, өзі шекара асып кеткен. Жас отбасы содан бері бір-бірінен жырақта жүр. Жалғызбасты ананың айтуынша, Қытайда тұратын күйеуі елге көшіп келем деп құрғақ уәдемен уақыт созған. Ал қазір мүлде хабар-ошарсыз кетіпті. Ай сайынғы пәтерақы мен күнделікті тамағына қаражат таппаған келіншек жұмысқа тұруға өзінің орыс тілін білмеуі кедергі екенін айтады.

Ризагүл Нәсіпхан елге келмей тұрып Қытайда табаны күректей жеті жыл мемлекеттік қызметші болған. Бүгінде ол Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм мамандығы бойынша білім алған, магистр.

Айтуынша елге келгелі орыс тілін білмеуіне байланысты өзіне лайықты жұмыс таппаған. Ата-анасы, туған-туысынан шалғайда тұру жалғызбасты балалы әйелге қиындық тудыруда.

Ол Қытайдан көшіп келуге уәде берген күйеуінің сөзіне сеніп біржола қоныс аударғанын айтады. Екінші жағынан, құрсақтағы баласының ата жұртта туғанын өзі де қалаған.

"Мен 2017 жылдың 9 тамызында Қазақстанға келдім. Ол кезде баламды көтергеніме бір айдан асқан еді. Баламның әкесі менің тездетіп осында кетуімді өтінді. Баламыз атажұртта туып өссе деген ниетте болдық.

Мен сол уақытта үкімет қызметкері болып 7 жылдан артық істеп келген едім. Бірден жұмыстан қол үзіп, бәрін қиып осында келдім. Астанадағы ЕҰУ-ға туризм мамандығы бойынша магистратураға емтихан тапсырып, екі жыл оқып, былтыр бітірдім.

Балам 2018 жылы 1 сәуірде туды. Босануға бір ай қалғанда күйеуімнің қашан келетінін сұрап, келмесе Қытайға кететінімді айтқанымда ол біраз уақытқа келіп кетті. Босанған соң балама төрт күн болғанда Қытайға кетіп қалды. Не бізді баспанамен қамтамасыз етпеді, осында келгелі пәтерден пәтерге көшіп келдім.

Балам да туғалы әлжуаз, аурушаң болды. Өзім де қарайласатын үлкен кісі болмаған соң қатты қиналдым. Балам қазір де жиі ауырады. Ауруханада қаншама рет болдық. Сондықтан жұмыс та таппадым. Оның үстіне орыс тілін білмейсің деп барған жерім қабылдамай қойды. Ал күйеуім Қытайға кеткен соң екі жылға жуық хат-хабарсыз болды.

Басында сол жақтағы құрбым арқылы ақша жіберіп тұрды. Бір жолы балам қатты ауырып қалғанда біраз сөйлесіп жүрді, кейін тағы жоқ болып кетті. Неге олай істейтінін ашып айтпайды. Қазір бізге хабарласпайды, хатқа жауап қайтармайды, ақша да жібермейді", - дейді күйінген қандас келіншек.

Ол баласымен бірге астананың шеткі аудандарында пәтер жалдап тұрып жатыр. Пәтерақы мен күнделікті жүріп-тұруына елдегі, таныстарынан алған қарызы бүгінде 600 мыңға жеткен.

"Баламды босанғалы бері стресске түсіп келем, не дұрыс ұйқы жоқ, шашым жасыма жетпей бір-ақ ағарып кетті. Шыдап-шыдап төзімім бітті, не істерімді білмеймін", - дейді Ризагүл.

Ризагүл өз жағдайы туралы Қытайда қалған туған ата-анасына тіс жармағанын жеткізді.

"Олар жасы үлкен кісілер, менің алыста жүргенде жағдайымның мүшкіл екенін білсе қолдан келер шарасы бар ма? Шекара жабық. Жүрегі сыздап ауырып қала ма деп айтпай келдім", - дейді келіншек.

Ризагүл Нәсіпхан екі жарым жасар ұлын балабақша кезегіне тұрғызып қойған. Алайда кезегі жылжитын емес. Қандас келіншек KAZ.NUR.KZ порталы арқылы елден тығырықтан шығар жолды көрсетуін сұрайды. Ол шетелдегі күйеуіне алданып қалғанын енді түсінгенін жеткізді.

"Үмітімді әлі де үзбеймін одан. Күйеуім келсе табысамын. Үйдің жанындағы 75-балабақшаға бардым, кезек келмесе баламды қабылдамайтынын айтты. Ал маған күн көру керек. Күн өткен сайын қарыздарым өсіп барады. Қашанғы осылай жүремін?!

Құзырлы органдардан сұрайтыным баламды тезірек балабақшаға орналастыруға көмектессе екен. Өзіме жұмыс табуға тіл білмейтінім кедергі екенін білемін. Біртіндеп үйреніп алатыныма сенемін. Қытай тілін жетік білемін. Жұмыс табылса, күнімді көріп кетермін", - дейді Ризагүл Нәсіпхан.

Ол Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінен жалғызбасты ана ретінде уақытша болса да баспана мәселесін шешіп беруін өтінеді.

"Маған әзірге жалдама ақысы көп емес пәтер болса да көмек болар еді. Жалғызбасты ана ретінде әкімдіктен үміттімін", - деді ол сөз соңында.

Сондай-ақ ол заңгерлерден Қытайдағы күйеуінің заң аясында баласының алдындағы жауапкершілігі туралы сұрап білгісі келеді.

Төменде Ризагүл Нәсіпханға қиындықтан шығуға материалдық көмек беруге ниетті жандарға оның реквизиттері көрсетілген.

Kaspi Gold

Rizagul Nassipkhan

5169 4971 2893 7467

Телефоны: +7 776 176 8866

Байланыс үшін: +7 776 187 2128

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900294-kesikpei-kelem-dep-en-qytaidagy-kuieuinen-xabarsyz-qalgan-kelinsek-elden-komek-suraidy/

pixel