"Қартайған шағымда алдап соқты": Нұр-Сұлтан тұрғыны анасын үйден қуып шықпақ
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтанда бір отбасында баспанаға қатысты талас туындады. Ер адам туған анасын өз үйінен қуып шықпақшы деп хабарлады "Астана ТВ" телеарнасы.
Құжатта жылжымайтын мүліктің иесі ретінде ер адам көрсетілген. Бұған дейін бұл пәтер оның нағашы әжесі мен атасына тиесілі болыпты.
Көп жыл бұрын ол үйді Қайжан Абдуллованың ата-анасы салған. Қазір зейнеткер мұнда кенже балалары – қызы мен ұлы және неремелерімен тұрып жатыр.
Бірақ, үлкен ұлы анасын қара шаңырақтан қуып шықпақ.
"Ол үйді алдымен өз атыма рәсімдеп, содан кейін сенің атына жазамын деді. Міне, қартайған шағымда алдап соқты. Мені үйден қуамын деп, балағат сөздер айтты", - деді Қайжан Абдуллова.
Құжат бойынша жылжымайтын мүліктің иесі - зейнеткердің үлкен ұлы Батырхан Тілегенов үй ауласын өз бизнесінің қоймасына айналдырған.
Қайжан апаның қызы Гүлбану Тымбаеваның айтуынша, үйден қуу айналасындағы дау осыдан бес жыл бұрын басталған. Ол кезде ағасы анасына астыртын оймен пәтер сатып алып берген көрінеді.
"Анама келіп, алтыншы қабаттағы пәтерге көш деді. Анамның егде жаста екенін, лифтісі жоқ пәтерге көтеріліп-түсуі қиын екенін біледі. Ол анамды үйден қуып, мына үйдің аумағын коммерциялық мақсатта пайдаланғысы келеді", - деді Гүлбану Тымбаева.
Оның айтуынша, ағасы мен жеңгесі анасына бірнеше рет қол көтерген. Осындай жанжалдың бірінде анасына 2021 жылға қарай үйді өз еркімен босату туралы келісімге қол қойғызған.
Отбасы заңгерлердің көмегіне жүгінді. Михаил Герасимов заң бойынша ер адам үйді босатуды талап ете алатынын айтты.
"Заң әйелдің ұлының жағында. Себебі, ол - меншік иесі. Заң бойынша ол өз мүлкін қалаған мақсатта пайдалана алады. Алайда, заңдағы баптан бөлек, адамгершілік, мейірімділік, отбасы деген құндылықтар және бәріне белгілі "ана" деген ұлы ұғым бар емес пе", - деді Герасимов.
Заңгердің айтуынша, зейнеткердің ұлы бұл баспананы өз әйелінің атына жаздырып қойған. Ер адамның сөзіне қарағанда, оның бұл әрекетке баруына өз балаларының алдындағы әкелік борышы себепші болған. Өйткені, ол бірнеше жылдан бері әйелімен бірге тұрмайды.
Батырхан Тілегенов анасын үйден қуып жатпағанын, оған өз қолына немесе інісі мен қарындасының үйіне көшіп келуін ұсынғанын айтты. Ал алтыншы қабатта орналасқан, сыйға берілген пәтер ұтымды ұсыныс екен. Ол пәтерді туыстары бес жыл бойы жалға беріп келіпті.
"Бұл балконы бар екі бөлмелі пәтер. Оны сататын да, айырбастайтын да мүмкіндіктері болды. Бес жыл бойы айына 100 мың теңгеге жалға беріп келді. Қарындасымның да, інімнің де жылжымайтын мүліктері бар. Бірақ, олар өз баспанасын жалға беріп, менің үйімде тұрып жатыр", - деді Тілегенов.
Бұл отбасындағы дауды алдағы уақытта сот қарайтын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900339-qartaigan-sagymda-aldap-soqty-nur-sultan-turgyny-anasyn-uiden-quyp-syqpaq/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.