RU

Қазақстанда наурыз айында ауа райы қандай болады: Синоптиктер болжамы

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев үкімет отырысында наурызда еліміздің басым бөлігі жауын-шашынды болатынын мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат.

Оның сөзінше, наурыз айының синоптикалық болжамына сәйкес ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде климаттық нормадан жоғары болады.

Министр қар жамылғысының аздығына қарамастан, алдағы күндерде еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын күтіліп отырғанын атап өтті.

Мырзағалиев өз кезегінде еріген қардың суы қосылып, тасқынға алып келуі мүмкін екенін жасырған жоқ.

"Қазгидромет наурыз айынан бастап апта сайын негізгі гидрологиялық болжамдарды ұсынады. Онымен қоса, су тасқыны қаупінің пайда болуы туралы алдын-ала 2-3 күн бұрын хабарлап отырмақ", - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2020 жылғы жұмысының негізгі нәтижелері, сондай-ақ алдағы уақыттағы жоспарлары туралы баяндалды.

Мағзұм Мырзағалиев мемлекет басшысына биылғы өсімдік өсетін кезеңді сумен қамтамасыз ету мәселелері жайында айтты.

Министрдің сөзінше, биыл қардың аз түсуіне байланысты елімізде су тапшылығы болуы мүмкін.

Бұл ретте президент су арналарын цифрландыру жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Алдағы 5 жыл ішінде бүкіл республика бойынша 119 арнаны цифрландыру қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900370-kazakstanda-nauryz-ajynda-aua-rajy-kandaj-bolady-sinoptikter-bolzamy/