RU

Елбасы Ақан Сатаевты қабылдады

Сатаев
Фото: Елбасы сайты

Елбасы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамының президенті Ақан Сатаевты қабылдады деп хабарлайды elbasy.kz сайты.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет әрдайым өнер саласының дамуына ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.

"Сіздің киноиндустриядағы тәжірибеңіз мол, халықтың ықыласына бөлендіңіз. Фильмдеріңізбен түрлі кинофестивальдерге қатысып жүрсіз. "Анаға апарар жол", "Томирис" және басқа да туындыларыңызды көрермен жылы қабылдады. Қазір сізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алдағы жұмысыңызға табыс тілеймін", – деді Елбасы.

Әңгіме барысында Ақан Сатаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көркем фильмдер түсіру жоспарлары мен отандық киноның сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді.

Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Рахым Ошақбаевпен және Қанат Сахарияновпен кездескен.

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев мемлекет басшысына өзі басқарып отырған орталықтың жұмысы туралы айтты, сондай-ақ отандық аналитикалық орталықтарды дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Бұдан бөлек президентке жаһандық компаниялармен арадағы ынтымақтастық негізінде инвестиция тарту жолдары, ақша-кредит саясатын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар таныстырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900462-elbasy-aqan-sataevty-qabyldady/