RU

Бас санитар дәрігер: Педагогтарды вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакциналау науқанына қатысты түсінік берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ", - деді Е. Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 23 ақпаннан Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 93 мың доза мөлшеріндегі вакцинаның екінші партиясын жеткізу басталды. Осы вакцинамен медицина қызметкерлерін егу аяқталған соң, педагогтарды вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр.

"Вакцинациялау барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. 786 егу пункті ашылды, олардың 170-і қазіргі уақытта егу жұмыстарын жүргізіп отыр. Барлығы салқындату тізбегін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды", - деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстан өңірлерінен коронавирусқа қарсы вакцина дозасын ұлғайту туралы өтінімдер көптеп түсуде. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері – денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов мәлімдеді.

Ал бүгін, 24 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген "Спутник V" вакцинасының алғашқы 90 мың дозасы өңірлерге жөнелтіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900655-bas-sanitar-driger-pedagogtardy-vakcinacialaudy-bastau-zosparlanyp-otyr/