RU

"200 қонақ жиналған": Сарыағаш тұрғыны карантинде қыз ұзату тойын өткізді

Той1
Көрнекі фото: piqsels.com

Түркістан облысында жергілікті тұрғын 200-ге жуық адамды жинап қыз ұзату тойын жасаған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сарыағаш ауданында полицейлер карантин талаптарын бұзып, отбасылық жиын ұйымдастырушыны анықтады. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, жергілікті тойханалардың бірінде қыз ұзату тойы өтіп жатқаны туралы хабарлама полицияға келіп түскен.

Осы хабарды алысымен полицейлер мобильді топпен бірге тез арада көрсетілген мекенжайға жетіп, тексеру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде тойханаға 200-ге жуық адам жиналып, той өтіп жатқаны белгілі болған.

Тәртіп сақшыларынан құрылған мобильді топ тойды тоқтатып, қонақтарды тарқатқан. Той иесіне Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша хаттама толтырылып, СЭББ-ға жолданды.

Еске салсақ, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен еді.

ВАК отырысының қорытындысы бойынша елімізде 1 наурыздан бастап карантин талаптары жеңілдетіледі.

Одан бөлек, Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында "коронавирустың өршуі қайталануы мүмкін бе" деген сауалға жауап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900710-200-adamga-durkiretip-toi-zasagan-saryagas-turgynynyn-qyz-uzatu-toiy-toqtatyldy/