RU

Министрлер мен депутаттар КВИ-ға қарсы вакцинаны қашан салдырады

Шенеунік
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстандық министрлер мен депутаттарға коронавирусқа қарсы вакцина наурыздың соңы мен сәуірдің басында салынбақ. Бұл туралы елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов айтты деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Әр елдің президенттері мен шенділері коронавирусқа қарсы вакцина алғандарын БАҚ-қа жариялап жатыр. Бұл ретте қазақстандықтар арасында да "неге біздің министрлер мен депутаттар екпе қабылдамайды" деген үлкен сұрақ туындауда.

Бұл сұраққа Денсаулық сақтау вице-министрі жауап беруге тырысты.

"Бұл адамдар мемлекеттік қызметкерлердің санатындағы вакцинациялауға кіреді. Қазіргі таңда медициналық қызметкерлерге екпе салынды. Енді педагогтар мен тәртіп сақшыларына, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге вакцинация жасалады. Бұл наурыздың соңы мен сәуірдің басына тура келеді деп ойлаймыз", - дейді Ерлан Қиясов.

Ол өз сөзінде Қазақстан COVID-19-тің таралауы бойынша жасыл аймаққа кіргенін және сыртқаттанушылық деңгейі 1,2 есеге азайғанын алға тартып, карантин толықтай алынып тасталатын уақытты болжады.

"Қазір карантинді толық алып тастау туралы айтуға әлі ерте. Бірақ, болжам жасайтын болсам, бұл үшін барлық өңірлер "жасыл" аймақта болуы қажет. Ол үшін ауру 100 мың адамға шаққанда 25-тен аспауы тиіс. Ал таралу коэффициенті 1-ден төмен болуы қажет. Бұл біз алдағы уақытта бағдарлай алатын ықтимал критерийлердің бірі. Шектеу шараларын алып тастау үшін пандемияны толық жеңуіміз керек", - дейді Денсаулық сақтау вице-министрі.

А. Данияр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900714-ministrler-men-deputattar-koronavirusqa-qarsy-vakcinany-qasan-qabyldaityny-belgili-boldy/