Қақаған аяз: Еліміздің қай өңірлерінде оқушылар сабағы онлайнға ауысты

Опубликовано:

Аяз
Көрнекі фото: kznews.kz

Ауа райының бұзылуына байланысты еліміздің тағы үш өңірінде мектеп оқушыларының сабағы онлайн форматқа ауыстырылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында -27 градус аязға байланысты 0-9 сынып аралығындағы (бірінші ауысым) мектеп оқушылары қашықтан оқитын болады.

Қарағанды қаласы білім бөлімінің мәліметінше, боранға байланысты бірінші ауысымның 0-11 сыныптарындағы сабақтар тоқтатылып, қашықтан өткізіледі.

Сондай-ақ бүгін Ақмола облысының Көкшетау қаласында бірінші ауысымдағы 1-11 сынып балалары қашықтан оқиды.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшірілген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның бірнеше облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланған еді.

Синоптиктер ұсынған ақпаратқа сәйкес, 25 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғып, оның күші кей жерлерде 15-20 м/с-ке жетуі мүмкін.

Сонымен қатар, Петропавл қаласында да жаяу бұрқасын болады деп күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді.

Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман, жаяу бұрқасын болуы ықтимал. Жел батыстан соғып, кей жерлерінде күші 15-20 м/с күтіледі.

Қарағанды қаласында жел батыстан соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900715-qaqagan-ayaz-elimizdin-qai-onirlerinde-oqusylar-sabagy-onlainga-auysty/