RU

Тоқаев полицияға әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейтуді тапсырды

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлім штатын қалпына келтіруді тапсырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық олардың қоғаммен араласуына және отбасы институтына кері әсер етеді. Бұл өзекті мәселені мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күш - жігерімен ғана шешуге болады", - дейді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жерде басты міндет ІІМ-нің 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелерге жүктеліп отыр.

Олар полицияның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының тиімді буыны болуы керек.

"Алайда кезінде оларда штат саны қысқарып қалды, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін өңірлерде де орын алған. Бұл мәселені кеңестің алаңында әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова көтерген еді", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда президент ішкі істер министрлігіне зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі арнайы бөлімнің штат санын қалпына келтіруді тапсырады.

"Мен Айгүл Орынбектің бастамасын атап өткім келіп отыр. Ол әйелдер мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары бойынша әйел тергеушілерді мамандандыруды ұсынды. Бұл жәбірленушілерге біржақтыты көзқарасты болдырмауға мүмкіндік береді", - дейді Қасым -Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, келесі маңызы мәселе пенитенциарлық мекемелермен және полицияның қызметтік орындарында адам құқықтарын қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысының сөзінше, тәжірибе көрсеткендей, қолданыстағы бейнебақылау жүйесі осы мекемелердің қабырғасында болып жатқан жайттарға толық талдау жасай алмайды.

Ал олардағы көптеген орын бейнебақылауда көрінбейді.

"Құқық қорғау органдарының қызметіндегі бейнебақылау тұжырымдамасын қайта қарау қажет", - деп атап өтті президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900832-toqaev-policiga-aielder-men-balalardy-zorlyq-zombylyqtan-qorgaudy-kuseitudi-tapsyrdy/