RU

Павлодар облысында өрт сөндіру кезінде 23 жастағы ТЖМ қызметкері қаза тапты

Өрт сөндіруші
Арыстанбек Машрап. Фото: ТЖМ ресми сайты

Павлодар облысы Ақсу қаласында өртке қарсы қызметтің 23 жастағы қызметкері қайтыс болды. Қайғылы жағдай өрт сөндіру кезінде болған. Тағы бір өрт сөндіруші ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның мәліметінше, 2021 жылдың 25 ақпанында сағат 7.46-да Павлодар облысы Ақсу қаласының Ақсу шағын ауданынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

Белгілі болғандай өрт төрт бөлмелі тұрғын үйден шыққан. Тілсіз жау сағат 10.16-да ауыздықталып, сағат 11.00-де толығымен сөндірілген.

Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күресіп жатқанда 1997 жылы туған Ақсу қаласы № 12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау сержанты Арыстанбек Машраптың жағдайы нашарлаған.

Ол Ақсу ауылдық дәрігерлік амбулаториясына ес-түссіз күйде жеткізілген. Кейін дәрігерлер оның көз жұмғанын хабарлаған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Сонымен қатар 1995 жылы туған № 12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау кіші сержанты Ермек Тұрлыбеков те ауруханаға жеткізіліп, Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылған.

Қайтыс болған Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бастап қызмет еткен. Павлодар қаласының тумасы, үйленген.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде тұрғын үйде газ баллоны жарылып, 11 жастағы бала мерт болғанын жазған едік.

Ал оған дейін Ақмола облысында ұлын өрттен құтқармақ болған әке онымен бірге көз жұмған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900889-aqsudagy-ort-qyzmet-barysynda-23-zastagy-ort-sondirusi-qaza-tapty-foto/