RU

"Артында жүкті әйелі қалды": әріптестері Ақсуда қайтыс болған өрт сөндіруші туралы айтты

Өрт сөндіруші
Арыстанбек Машрап. Фото: ТЖМ ресми сайты

Бүгін Павлодар облысы Ақсу қаласында болған өртте қаза тапқан 23 жастағы Арыстанбек Машрап отбасында жалғыз ұл болған. 2020 жылдың жазында үйленіп, алғашқы баласының дүниеге келуін күтіп жүрген кезі еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, марқұмның отбасына қаржылай көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, жерлеу шығындары өтеледі. Бүгін әріптестері өрт сөндірушінің отбасы мүшесіне барып, көңіл айтты. Арыстанбек Машрап Ақсуда ата-анасымен және жас келіншегімен бірге тұрған.

"Ол тамыз айында отау құрды, ата-анасымен бірге Ақсу қаласында тұрды, отбасындағы жалғыз ұл. Біз олардың үйінде болдық, әке-шешесін көрдік", – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.

Аймақтың бас құтқарушысы оқиғаның нақты себептерін тергеушілер анықтауы тиіс екенін айтты. Оған қоса, өрт сөндірушілер үйге оттегі жабдығын киіп кіргенін түсіндірді.

Бірінші тексеріс кезінде оның пайдалануға жарамды екендігі анықталды. Құтқарушылар үйде болған кезде төбе құлаған деген болжам бар. Олар далаға шығуға тырысқан, бірақ бірден шығу мүмкін болмаған.

Оқиға орны
Оқиға орны. Фото: Павлодар облысы ТЖД

"Бөлім командирі мен өрт сөндірушілер үйдің ішіне кірді. Олардың алдындағы бірінші міндет сол жерде болуы мүмкін адамдарды құтқару екенін түсіну керек. Себебі үйде біреу қалды немесе ол жерде ешкім жоғы туралы алғашқы ақпарат болған жоқ.

Тапсырма үйге тездетіп кіріп, онда ешкім жоғына көз жеткізу керек болды. Сол уақытта өртті сөндіру жұмысын қолға алу керек болған, бірақ жұмыс барысында бөлім командирі есінен танып қалды", – деді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.

Оқиға орны
Оқиға орны. Фото: Павлодар облысы ТЖД

Нәтижесінде өрт сөндірушілер терезеден шықты. Әріптестері Арыстанбек Машрапты сыртқа ес-түссіз күйінде алып шыққан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қазақстан халқына марқұмның отбасы жайлы, жалпы барлық өрт сөндірушілерге қатысты жағымсыз пікір білдірмеуін сұрап, үндеу тастады.

"Біз әркез айтамыз, таңертең балалары мен әйелін сүйіп, үйден шыққан әрбір өрт сөндірушінің тілегі – аман оралу", – дейді Ернұр Өтегенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900916-artynda-zukti-aieli-qaldy-ariptesteri-aqsuda-qaitys-bolgan-ort-sondirusi-turaly-aitty/