RU

БҚО-да жол апатынан төрт адам қаза тауып, алтауы ауруханаға түсті

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тауып, тағы алтауы ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды Қазақпарат.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 26 ақпан күні Ақжайық ауданы аумағында болған.

Сағат 03.29-да Атырау-Орал тас жолының 259-шақырымында Атамекен ауылынан 10 шақырым жерде екі "Тойота Камри" автокөлігі соқтығысқан. Салдарынан 4 жолаушы оқиға орнында көз жұмып, алты адам Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілген.

Өңірдің полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің дерегінше, ауа райының нашарлауына байланысты аталмыш бағыттағы күре жолды 26 ақпан күнгі сағат 00.00-ден бастап жабу туралы шешім қабылданған.

Алайда такси жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай жолға шығып кеткен көрінеді. Оның полиция қызметкерлерінің талабына бағынбағаны жөнінде бейнежазба да бар екен.

Салдарынан екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.

Естеріңізге сала кетейік, 22 ақпанда дәл осы Орал-Атырау тас жолында Toyota мен Lada маркалы көліктері соқтығысып, салдарынан алты адам қайтыс болған еді.

Сонымен қатар тағы бір жарақат алған адам Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілген болатын.

Сондай-ақ 18 ақпанда Ақмола облысында жол апатынан 3 адам көз жұмып, төртеуі зардап шеккен еді.

Белгілі болғандай "Көкшетау-Атбасар" тас жолында "Тойота Камри" мен "ВАЗ-2115" көлігі бетпе-бет соқтығысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900972-bqo-da-zol-apatynan-tort-adam-qaza-tauyp-altauy-auruxanaga-tusti/