RU

Нұр-Сұлтанда екі ер адам түнде банк тонамақ болды (видео)

Банк тонау сәті
Видеодағы кадр: Нұр-Сұлтан қаласы ПД

Нұр-Сұлтанда түнде банктердің бірін тонамақ болған екі ер адам ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы елорданың полиция департаментіне сілтеме жасап.

Құзырлы органның мәліметінше, түнгі сағат 02.30-да алкогольдік масаң күйдегі екі ер адам әйнек есікті сындырып, банк ғимаратына кірген.

"Қарақшылардың банкті тонау жоспары іске аспады, себебі күзет дабылы қосылған. Оқиға орнына күзет мекемесінің қызметкерлері дереу жеткен", – дейді қалалық полиция департаменті.

Полиция ізін суытпай 21 және 23 жастағы екі күдіктіні ұстаған.

Белгілі болғандай, кафеде едәуір мөлшерде ішімдік ішкен жастар оңай жолмен табысқа кенелгісі келген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысының Ақтау кентінде патрульдік полиция қызметкерлері дүкен сатушысын пышақпен қорқытқан қаскүнемді ұстаған еді.

Полицейлер ұсталған адамды оқиға орнына жеткізген кезде 48 жастағы жәбірленуші оны бірден таныған.

"Дәл осы азамат мені екі пышағымен қорқытты. Ол менен 20 мың теңге талап етті немесе өлтіремін деді. Мен оны ақшаны әкелуге кеттім деп алдап, өзім қызметтік есік арқылы көшеге шығып кеттім", – дейді ол.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде Қостанай облысы Жітіқарадағы дүкенге жасалған шабуылдың видеосы тараған болатын.

Алайда жүрек жұтқан сатушы әйел шабуылшыға тойтарыс бере білген. Осылайша күдіктінің ойлағаны жүзеге аспаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900992-nur-sultanda-eki-er-adam-tunde-bank-tonamaq-boldy-video/