Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сенің міндетің деп бетімізге басады": Елордалық көше тазалаушылар жұмысы туралы айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Азаттық рухы

Елорданың қыраулы қысында қар күреп, жаздың шіліңгір шілдесінде қоқыс тазалау "Астана Тазалық" ЖШС жұмысшыларының міндеті. Мұнда қара жұмыстан қашпайтын, нағыз еңбектің дәмін татқандар жан бағып жүр деп жазады Azattyq Rýhy.

Басылым мәліметінше, Қайрат пен Бақтыгүл Баярстановтардың бұл мекемеде жұмыс істеп жүргеніне 22 жыл болған. Тоқсаныншы жылдардың соңында тұрақты жалақысы бар жұмыс орнын іздеген Бақтыгүл апай кеңседегі жылы орнын көшедегі қоқыс тазалау қызметіне ауыстыруға мәжүр болған.

"Банктер енді ғана кредит бере бастаған жылдары мен де несие алдым. Соны төлей алмай қаламын ба деп, тұрақты еңбекақысы бар жұмыс іздеп, осы жаққа келдім. Жылы кеңседен көше жұмысына ауысу қиынға соққан жоқ. Мен өзімді іштей дайындадым. Өйткені балаларды аяққа тұрғызу керек болды. Барлық жерде қаражат керек. Сондықтан еңбектің наны тәтті екенін білдім", - дейді Бақтыгүл Баярстанова.

Елдің жаңа астанасы Сарыарқа төрінен енді ғана бой көтерген жылдары көше жұмысшылары қоқыс емес, топырақ сыпырғандарын еске алады.

"1999 жылы бізде қазіргідей техника болған жоқ. Сол жағалаудың құрылысы енді ғана басталып жатқан кез. Бұрын қара топырақты сыпырып жүрген кезімізде адамдардың мәдениеті жоғары болатын. Қоқысты көп тастамайтын. Ал, қазір қоқыс жәшігінің дәл жанында темекі тартып тұрып, қалдығын жерге лақтыра салатындар көп. Мәдениет төмендеп барады. Қанша дегенмен бұл ел астанасы емес пе?!" - дейді Бақтыгүл.

Сол жылы екі қолға бір күрек іздеген Бақтыгүлдің жолдасына да мұнда жұмыс табылған. Оған дейін отағасы құрылыс саласында еңбек еткен. Алайда, құрылыста тұрақты табыс болмаған.

"Құрылыста жұмысшыларды жиі алдап кетеді. Жалақыны айлап бермейтін кездер де болған. Бұл жерге жұмысқа жаңадан орналасқан жылдары жалақымыз жеті мың теңге болатын. Одан кейін 9 мыңға, 12 мыңға, 18 мыңға жылдан жылға көтеріле берді. Қазіргі уақытта қара жұмысшылар қолдарына шамамен 130-140 мыңдай, ал бригадир 150-155 мың теңгедей алады", - дейді Қайрат Баярстанов.

Фото
Фото: Азаттық рухы

Ұлдарын ұяға қондырып, бүгінде ата-әже атанған ерлі-зайыпты Баярстановтар әлі де бұл жұмыстан кеткілері жоқ. Ардагер жұмысшыларды ұжым да ерекше үлгі тұтады.

"Бір жерде жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан кеткіміз келмейді. Алғашқыда біз абырой үшін еңбек етсек, қазіргі уақытта абырой бізге қызмет етеді. Бізді мұнда барлығы құметтейді", - дейді жұмысшы.

49 жастағы Татьяна Мускинованың көше бойын тазалап жүргеніне 15 жыл болған. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынан көшіп келген келіншек алғашқы кезде қара жұмыс істеген. Алайда, "Астана Тазалықта" мұнша ұзақ жыл еңбек етемін деп ойламаған екен.

"Бір апта істеп, сосын кетемін деп ойлағам. Бірақ үйреніп алғаннан кейін осында қалып қойдым. Енді зейнет жасына шыққанға дейін осында жұмыс істеймін деп ойлаймын. Десе де, қыстыгүні жұмыс оңай емес. Әсіресе боранды күндері қар тазалау қиын. Ал көктемде қар еріген кезде айнала батпаққа малынып, тазалау жұмыстары оңайға соқпайды. Жазда ғана жұмыс істеген жеңіл", - дейді жол тазалаушы.

Фото
Фото: Азаттық рухы

Татьяна Мускинованың негізгі мамандығы – тігінші. Бірақ тұрмыс құрғаннан кейін инені сабақтап, киім тігуге уақыты болмаған. Бүгінде ол отбасының басты асыраушысы.

"Жолдасым және ұлым үшеуміз тұрамыз. Қызымызды тұрмысқа бердік. Күйеуімнің денсаулығы болмағандықтан, әзірге ол жұмыс істемейді. Отбасының асыраушысы менмін. Қолыма алатын жалақым 140 мың теңге", - дейді Татьяна Ускина.

Фото
Фото: Азаттық рухы

Былтыр желтоқсан айында Татьянаның ұзақ жылдық еңбегі ерекше еленді. Еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Татьяна Мускинова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталды.

"Бұл жаңалықты айтқан кезде сенбедім. Парламентте құттықтайтын шығар деп ойладым. Ақорданың ішіне кірген кезде бір-ақ сендім. 40 шақты адамға марапат ұсынылды. Араларында танымал жұлдыздар да болды. Солардың ішінде мен ғана қарпайым жұмысшы болдым. Шынымды айтсам, Президенттің қолынан марапат алған кезде қатты толқыдым", - дейді жұмысшы.

Жол тазалаушылардың арасында көпбалалы аналар да баршылық. Солардың бірі – 49 жастағы Орынбасар Серікова. Алты құрсақ көтерген ананың мұнда жұмыс істеп жүргеніне төрт жыл болған.

"Түнгі 3 жарымда оянамыз, сағат 4.00-де бізді үйден жұмысқа алып кетеді. Алғашқыда жұмыс оңай болған жоқ. Әсіресе қар күреу оңай шаруа емес. "Бұл еркектің жұмысы ғой, істеп қайтемін? Бір-екі ай істегеннен кейін кететін шығармын» деген ой болды. Бірақ қазір үйреніп кеттім. Жолдасымның қайтыс болғанына 9 жыл болды. Сондықтан балаларды өзім аяққа тұрғызуым керек. Екі қызым тұрмыста, қалған төртеуі өз қолымда" - дейді Орынбасар Серікова.

Фото
Фото: Азаттық рухы

Жұмыстың жалақысы тұрақты болғандықтан, көп балалы ананың әзірге бұл жерден кететін ойы жоқ. «Басқа жақта тұрақты табыстан қағыламын ба?» деп қорқады. Дегенмен, балалары анасының қара жұмысты тастағанын қалайды екен.

"Болды, жасыңыз келді, тастаңыз бұл жұмысты дейді. Балаларым күн сайын осылай айтады. Бірақ мен зейнет жасына жеткенше жұмыс істеймін деп айтамын. Өйткені күнделікті күйбең тірішілікте ақшасыз өмір сүру мүмкін емес. Оның үстіне, үйреніп те қалғанмын. Басқа жұмысқа барсам, істей алмайтын сияқтымын», - дейді көпбалалы ана.

Фото
Фото: Азаттық рухы

Жол тазалаушыларды қала тұрғындарының мәдениетсіздігі қыңжылтады. Алайда, ескерту жасаудан аулақпыз дейді.  

"Қоқысты жәшікке емес, сыртына тастайтындар көп. Бірақ біз оларға ләм-мим демейміз, өйткені "бұл сенің жұмысың" деп бетімізге басып, дөрекілік танытады», - дейді Орынбасар Серікова.

Дегенмен жұмысшылар жанашыр жастардың да бар екенін айтады.

"Кейбір жас жігіттер автобусы келгенге дейін аялдаманың маңындағы қарды тазалауға  көмек қолдарын созып жатады. Сондай кездерде өзімнің балам көмектесіп жатқандай болып қаламын. Іштей риза боламын", - дейді Орынбасар Серікова.

Жалпы жол тазалаушылардың еңбегі қаншалықты қиын болса, ондағы жұмыскерлердің де тұрақсыздығы да соншалықты. Көбі шыдас бермейді. Дегенмен, бүгінгі кейіпкерлеріміз сынды еңбегіне берік жандар баршылық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901041-senin-mindetin-dep-betimizge-basady-elordalyq-kose-tazalausylar-zumysy-turaly-aitty/

pixel