RU

Сарыағашта кезекті көкпар ұйымдастырғандар жауапқа тартылды

Сарыағаштағы көкпар
Фото: Polisia.kz

Сарыағаштық полицейлер карантинге қарамастан “Бата көкпар” өткізген тұрғынды жауапқа тартты деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

Түркістан облысында карантин талаптарының сақталуы тиісті органдардың қатаң бақылауында. Оның ішінде Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері арнайы құрылған мобильдік топтармен жүйелі түрде жұмыстар жүргізуде.

Мәселен, Сарыағаш ауданының полицейлері карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзып, көкпар ұйымдастырған тұрғынды анықтады. Нақтырақ айтсақ, Көктерек кентінің қырлы алқабында жергілікті тұрғын жасөспірімдерді жинап «Бата көкпар» жасаған.

Мобильдік топ бірден шоғырланған адамдар тобын тарқатты. Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді.

Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 70-тен астам адамды жинаған “көкпар” ұйымдастырушысын жауапқа тартты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін СЭББ-ға жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимін қатаң сақтауға, медициналық бетперде киюге және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901054-saryagasta-kezekti-kokpar-uiymdastyrgandar-zauapqa-tartyldy/