RU

Алматыда өнер жұлдыздары қатысқан банкеттің ұйымдастырушылары жазаланды

Дастархан
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматыда эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен банкетті ұйымдастырушыларға айыппұл салынды. Сонымен қатар, банкет өткізілген мейрамхана басшысына мемлекеттік органға түсініктеме беру үшін шақыру қағазы жіберілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық СЭБД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ақпан айының басында "Svetlana Modern Cuizine" мейрамханасында тыйым салынғанына қарамастан банкеттік іс-шара өткен. Ғимаратқа келушілердің өздері әлеуметтік желілерде мерекелік іс-шараның видео айғақтарын жариялады. Аталған видеоларды мониторингтік топ қызметкерлері мен эпидемиологтар тексерді", - дейді ведомство.

Тексеріс нәтижесінде Алмалы ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері Әкімшілік кодекстің 425 бабы бойынша әкімшілік материал жинақтап, ұйымдастырушыға айыппұл салынды.

Айта кетсек, іс-шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен.

Естеріңізге сала кетейік, сарыағаштық полицейлер карантинге қарамастан “Бата көкпар” өткізген тұрғынды жауапқа тартқан еді.

Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді.

Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 70-тен астам адамды жинаған “көкпар” ұйымдастырушысын жауапқа тартты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901073-almatyda-estrada-zuldyzdary-qatysqan-bankettin-uiymdastyrusylary-zazalandy/