RU

Нұр-Сұлтанда өзін "антикор қызметкерімін" деп таныстырған азамат ұсталды

Кісенделген ер адам
Көрнекі фото: Hendrik Schmidt/picture alliance via Getty Images

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі онлайн брифингте өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкері ретінде таныстырған Нұр-Сұлтан тұрғынының ұсталғаны туралы хабарлады. Ол өзге азаматтың 70 миллион теңгесін алдау арқылы иемденіп алған деп болжануда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Өздерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтықпен айналысқандар анықталды. 2020 жылдың шілдесінде бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасау фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, Ж. есімді азаматтың 70 миллион теңгеден астам ақшасын иемденген", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аға офицері Динара Құлымбетова.

Агенттікте хабарлағандай, ұсталғаннан кейін күдіктінің аса ауыр қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болғаны белгілі болды.

Қылмыстық іс аяқталды және сотта қаралуда.

Еске сала кетейік, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсабеков пара алды деген күдікпен ұсталды.

Сонымен бірге, Шығыс Қазақстанда шенеунік туысы арқылы пара алды деген күдікке ілінген болатын.

Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, шенеунік аумақтық инспекцияның бас маманы лауазымына азаматты жұмысқа орналастырғаны және делдалдық жасап, қамқорлық танытқаны үшін өз туысы арқылы пара алды деп айыпталуда. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

"Қылмыстың басты себебі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілмеуі болды", - дейді өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901106-nur-sultanda-ozin-antikor-qyzmetkerimin-dep-tanystyrgan-azamat-ustaldy/