Оралда жаңадан ашылған заманауи спорт кешені ел иглігіне берілді (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін Орал қаласында «Omega Sports» спорт кешені ашылып, ел игілігіне берілді. «Юниор-Уральск» жеке кәсіпкерлігі салған жаңа нысанда 50 адам жұмыспен қамтылған.
Спорт кешенінің ашылуына қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтап, дені сау ұлтты қалыптастыруда спорттың маңызы зор екендігін атап өтті.
«Спорт нысанының құрылтайшылары Дамир Какимов пен Данияр Габдуллин спорт ардагерлерінің тәлімін алып, спортпен шұғылданған азаматтар. Бүгінде өздері кәсіп ашып, осындай заманауи спорт кешенін халық игілігіне беріп отыр. Нысан дүниежүзілік стандарттарға сай салынған. Осындай кәсіпкерлердің қолдауымен былтыр қалада жеті спорт кешені салынды. Бұл — осындай азаматтар тарапынан спортты дамытуға жасап жатқан игі істер. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» — деді облыс басшысы.
Мұнан соң қонақтар ғимарат ішін аралап, жаңа спорт кешенінің жұмысымен танысты. Заманауи үлгіде салынған нысанда футбол алаңы, балалар бассейні, спорттық киімдер дүкені мен дұрыс тамақтану кафесі бар.
Сонымен қатар ата-аналарға арналған жайлы күту залдары қарастырылған. Алдағы уақытта фитнес және аэробтық залдар мен массажға арналған кабинеттер ашылу жоспарланған. Жалпы аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын спорт кешені бір мезгілде 150-200 адамды қабылдай алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901121-oralda-zanadan-zamanaui-sport-keseni-asyldy-foto/