Қазақстаннан 70 млн теңгенің дәрі-дәрмегін заңсыз алып өтпек болған (фото)
Опубликовано:

ҰҚК Шекара қызметі ірі көлемдегі дәрі-дәрмек партиясын Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кесті деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
26 ақпанда ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті "Қарасу" автокөлік өткізу пунктінде ірі көлемдегі дәрі-дәрмек партиясын Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз алып өтпек болғандарды анықтаған.

Дәрі-дәрмектің 86-дан астам түрі анықталған жүктің тасымалдауға рұқсат құжаты болмай шыққан. Контрабандалық тауардың бағасы 50 млн теңгеден асады.

27 ақпанда дәл осы бекетте дәрі-дәрмектің ірі партиясын заңсыз өткізудің тағы бір фактісі анықталған. Бұл жолы препараттардың құны 20 млн теңгеден асады.

Екі жағдайда да материалдар жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне берілген.
Айта кетейік, бұл ел аумағынан дәрі-дәрмектерді заңсыз алып өтуге қатысты алғашқы жағдай емес.

Қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекарадан заңсыз өту және контрабандалық тауарларды өткізу арналарын жабу бойынша белсенді тексеру іс-шараларын жалғастыруда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тәртіп сақшылары "Атамекен" кеден бекеті арқылы есірткі затын заңсыз алып өтпек болған Ресей тұрғынын ұстаған еді.
Ол тыйым салынған затты шұлығына жасырған. Кейін алынған заттың жалпы салмағы 2 грамға жуық гашиш екендігі белгілі болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901180-qazaqstannan-70-mln-tengenin-dari-darmegin-zansyz-alyp-otpek-bolgan-foto/