RU

Алматыда жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды (фото, видео)

Алматы қылмыс1
Фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Алматыда жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ізін суытпай ұсталды деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Шабуыл бүгін 26 ақпанда таңғы сағат 04:00 шамасында жасалған.

Полицияның мәліметінше, қара бетперде таққан екі жігіт Жетісу ауданында орналасқан жанармай құю бекеттерінің біріне кіріп, бірі бірден тапаншаны шығарып, кассир-операторға бағыттаған.

Сөйтіп олар ақшаны алып, қылмыс орнынан жаяу қашып кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 мен 24 жас аралығындағы үш жігіт ұсталған. Олар Түркістан облысының тумасы болып шыққан.

Алматы қылмыс жасалды1
Фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Қазір барлық күдікті қамауға алынған. Аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 192 бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Құзырлы органның дерегінше, күдіктілер мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Ұсталғандар Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Олар кассадан 135 мың теңгені алып шыққан", - дейді Жетісу аудандық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы подполковник Асхат Дәулетияров.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада газ құю станциясына қарақшылық шабуыл жасалғанын хабарлаған едік.

Полицияның ақпарынша, қарақшы кассирді тапаншамен және үшкір затпен қорқытып, кассадан ақшаны, талондарды және ұялы телефонды алып кеткен.

Келтірілген шығын көлемі 104 мың теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901192-almatyda-zanarmai-beketine-qaraqsylyq-sabuyl-zasaldy-foto-video/