RU

Солтүстік Қазақстанда ата-анасы жұмыста болған кішкентай бала көз жұмды

Өрт
Көрнекі сурет: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында 1 наурызда болған өрт салдарынан үйде жалғыз қалған бала көз жұмды. Қайғылы жағдай туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өрт кешкі жеті шамасында Аққайың ауданындағы Новорососийский ауылында болған. Жеке екі пәтерлі тұрғын үй өртенген. Бірі толық өртке оранса, екіншісінің қабырғалары мен шатыры зақымданған.

Қызыл жалын 120 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар келгенше өртке оранған үй ішінен 2015 жылы туған баланың жансыз денесі шығарылған. Кішкентай баланың үйде жалғыз болғаны хабарланды.

Қазір мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетсек, соңғы уақытта елімізде өрт пен иіс тию салдарынан қайтыс болып жатқандар саны аз емес. Мәселен, 19 ақпанда Жамбыл облысы Жаңатас қаласында өрттен бір үйдің бас баласы көз жұмды.

Сонымен бірге, Түркістан қаласында 40 жастағы анасы мен кәмелетке толмаған төрт баласы иіс тиіп қайтыс болды.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында да қайғылы жағдай тіркелді. Тұрғын үйде газ баллоны жарылып, бір отбасы зардап шекті. Қызыл жалын кезінде 11 жастаға бала қаза болды. Марқұмның ағасы мен әкесі ауруханаға жатқызылған.

Сондай-ақ Петропавлда 5 қабатты жатақхананың бірінші қабатында орналасқан «Қара жорға» дәмханасында газ баллоны жарылған еді.

Жарылыстың арты өртке ұласып, салдарынан дәмхана ғана емес, жапсарлас үй-жай және жатақхананың көрші бөлмелері зақымданыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901634-soltustik-qazaqstanda-ata-anasy-zumysta-bolgan-kiskentai-bala-koz-zumdy/