RU

4 млрд теңге: Орал әкімдігінің бөлімінде заң бұзушылықтар анықталды

Есеп
Көрнекі фото: pixabay.com

БҚО бойынша Тексеру комиссия миллиардтаған теңге көлемінде заң бұзушылықтар болды деп көрсетілген Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегі тексеру нәтижесін жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ревизорлардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін тексергеннен кейінгі қорытындысы сайтта жарияланды. Құжатта шенеуніктердің бірнеше заң бұзушылық жасағандары туралы айтылған. Олардың ішіндегі ең үлкені - өткен жылдың тоғыз айында ведомствоның бухгалтериясы тауарлы-материалдық құндылықтардың түсуі бойынша операцияларды енгізбеген.

"Күрделі жөндеуге, инфрақұрылым объектілерін салуға, реконструкциялауға және абаттандыруға арналған негізгі қорлар ретінде 4 млрд теңгеден астам соманың түбіртек операциялары көрсетілмеген", - делінген тексерушілердің қорытындысында.

Сонымен бірге қаржы секторының басшысына қатысты БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне ұсыныс жіберілгені көрсетілген. Нәтижесінде лауазымды тұлға 145,8 мың теңге сомасында айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Орал әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол қорытындыда көрсетілген заң бұзушылықтармен келісетінін айтты.

"Кірістер расымен де бухгалтерлік базаға енгізілмеген. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары бөлімінің біріктірілуімен байланысты. Мұның бәрі уақытты қажет етті және мұндай міндеттемелердің уақытында орындалмауына ішінара әсер етті", - дейді шенеунік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901802-4-mlrd-tenge-oral-akimdiginin-boliminde-zan-buzusylyqtar-anyqtaldy/